Чемпиондар лигасын бес рет ұтқан маман қазақстандық клубты жаттықтырады

Спорт шолушысы
06.07.2026, 18:28

"Қуаныш" әйелдер волейбол клубы жаңа маусым қарсаңында басты жаңалығын жариялады.

instagram/@vcquanysh

"Қуаныш" жаңа бапкерді таныстырды

Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері саналатын "Қуаныш" волейбол клубы 2026/2027 жылғы маусымға дайындықты жаңа бас бапкермен бастайды. Клубтың баспасөз қызметі түркиялық маман Саим Пакканның команда тізгінін ұстайтынын ресми түрде хабарлады.

37 жастағы бапкер бұған дейін еуропалық волейболдағы ең табысты клубтардың бірі — түркиялық "Вакыфбанк" жүйесінде жұмыс істеген.

Саим Паккан кім?

Саим Паккан 2015-2025 жылдар аралығында "Вакыфбанк" клубында италиялық танымал маман Джованни Гвидеттидің көмекшісі болды. Осы кезеңде түрік клубы халықаралық аренада бірнеше тарихи жетістікке жетті. 

Паккан бапкерлік штаб құрамында:

  • ЕКВ Чемпиондар лигасын 5 рет жеңіп алды;
  • Клубтар арасындағы әлем чемпионатында 5 мәрте топ жарды;
  • Түркия чемпионатында 6 рет алтын медаль иеленді.

Саим Паккан соңғы маусымда Түркияның "Тюрк Хава Йоллары" командасында бас бапкер қызметін атқарды.

"Қуаныштың" жетістіктері

"Қуаныш" волейбол клубы — Қазақстандағы тұрақты түрде жоғары орындарға таласатын командалардың бірі. Клуб 2022 жылы клубтар арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған.

Сонымен қатар петропавлдық команда Қазақстан Ұлттық лигасында бірнеше рет күміс және қола жүлдеге ие болған.

Реклама
Реклама