"Көмектесіңіздер": Қазақстандық спортшы жалақы мен сыйақы мәселесін көтерді (ВИДЕО)
Светлана Макеева Instagram парақшасында видео жариялап, өзінің еңбегі мен жетістігі лайықты бағаланбағанын жеткізді.
Қазақстандық параатлет Светлана Макеева әлеуметтік желіде өзіне қатысты әділетсіздік туралы мәлімдеме жасады. Спортшының айтуынша,Параазиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді әкелгенімен, мемлекеттен тиісті жалақы мен сыйақы алмаған.
Светлана Макеева Instagram парақшасында видео жариялап, көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселесін көпшілікке ашық айтты. Қазақстандық спортшы өзінің еңбегі мен жетістігі лайықты бағаланбағанын жеткізді.
Макеева 20 жылдан бері әділдік іздеп жүргенін айтты
Параатлеттің сөзінше, ол 2006 жылдан бері өз құқығы үшін күресіп келеді. Макеева сол жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында Параазиат ойындарында ел туын көтерген алғашқы көру қабілеті нашар спортшы болғанын айтты.
"Мен әділдік үшін 20 жылдан бері күресіп келемін. 2006 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында Параазиада ойындарында туымызды көтерген алғашқы көру қабілеті нашар спортшы болдым. Елге келгенімде мені әуежайдан ешкім күтіп алған жоқ. Маған: "Үйде отыра тұр, сыйақы беретін кезде шақырамыз", — деді. Әкем екеуміз "Хабардан" жаңалық көріп отырмыз, онда бәріне пәтер кілтін беріп, құттықтап жатыр, ал мені тіпті шақырмады", — деді спортшы.
"Көмектесіңіздер" деп үндеу жасады
Видеоның астындағы жазбасында Макеева көпшіліктен әділдікке жетуге көмектесуді сұрады. Онда спортшының бірінші топтағы мүгедектігі бар екені және әлі күнге дейін жеке баспанасы жоқ екені айтылған.
"Әділдікке жетуге көмектесіңіздер. Светлана Макеева — көзі көрмейтін спортшы, бірінші топ мүгедегі. Дәл осы спортшы Қазақстанға Параазиада ойындарындағы ең алғашқы алтын медальді әкелді. Сол ойындарда оның құрметіне алғаш рет еліміздің туы көтеріліп, әнұраны шырқалды. Светлана Бейжіңдегі Паралимпиадада да өнер көрсетті. Бірақ осындай үлкен жеңістері үшін оған ешқашан жалақы да, сыйақы да төленбеген", — делінген жазбада.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Светлана Макееваның әлі күнге дейін жеке үйі жоқ. Қазір ол 79 жастағы әкесімен бірге тұрады.
Постта спортшы мен әкесі әкесінің зейнетақысы мен Макееваның мүгедектік бойынша алатын жәрдемақысына күн көріп отырғаны жазылған. Бұл сома 112 мың теңге екені көрсетілген.
Бұған дейін басқа спортшылар да шағымданған
Айта кетейік, бұған дейін жалақы мен төлем мәселесіне қатысты қазақстандық спортшылар Михаил Шайдоров пен Бибісара Асаубаева да өз оқиғаларын айтқан еді.