"Қайраттың" аңызы командадан кетті
Футзалдан Қазақстан құрамасының универсалы Эдсон Гомес дос Сантос алматылық "Қайратпен" қоштасты.
Клуб Эдсонға алғыс айтты
Алматылық клуб әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бразилиялық ойыншыға арнайы алғыс білдірді.
"Рахмет, Эдсон. 8 маусым. 340 матч. 214 гол. 20 трофей.
Эдсон сегіз маусым бойы “Қайраттың” намысын абыроймен қорғап, клуб тарихында өшпес із қалдырған ойыншылардың біріне айналды", — делінген клуб хабарламасында.
Эдсонның "Қайраттағы" жетістіктері
Эдсон Гомес дос Сантос алматылық клуб сапында 2018 жылдан бері өнер көрсетіп келді. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы ең табысты футзалшылардың біріне айналды.
Эдсон "Қайрат" сапында":
- Қазақстанның 7 дүркін чемпионы атанды;
- Қазақстан Кубогын 5 рет жеңіп алды;
- Қазақстан Суперкубогын 7 мәрте иеленді;
- УЕФА футзал Чемпиондар лигасының екі дүркін күміс жүлдегері болды;
- УЕФА футзал Чемпиондар лигасының қола жүлдесін жеңіп алды.
Жалпы алғанда Эдсон "Қайрат" жейдесінде 340 матч өткізіп, 214 гол соқты. Клуб оның жанкештілігі, кәсібилігі және жеңіске деген ұмтылысы жанкүйерлер жадында мәңгі қалатынын атап өтті.
Эдсон 2018 жылы келген
Бразилиялық универсал "Қайратқа" 2018 жылдың тамыз айында бразилиялық "Жоакаба" клубынан ауысып келген. Содан бері алматылық команданың негізгі ойыншыларының бірі болып, ішкі біріншілікте де, еурокубок бәсекелерінде де маңызды рөл атқарды.
Эдсон Қазақстан құрамасындағы ресми дебютін 2022 жылдың 20 қаңтарында өткізді. Еуропа чемпионатындағы Словенияға қарсы матчта ұлттық құрама жейдесін алғаш рет киді.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Эдсонның мансабын Ресейдің "ИрАэро" клубында жалғастыруы мүмкін екені хабарланған. Бұл команданы Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Кака жаттықтырады.