Қазақстандық бокс ардагері әйелін ұрды деген күдікке ілінді

Жекпе-жек шолушысы
04.07.2026, 17:03

Әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке қатысты отбасылық жанжал бойынша қылмыстық іс қозғалды.

NUR.kz

Оқиға туралы ақпарат желіде тарады

Әлеуметтік желіде Теміртас Жүсіповтің әйелін ұрғаны туралы ақпарат пайда болды. Turar Media дерегінше, бұл мәлімет Threads платформасында жарияланған.

Пост авторы, өзін жәбірленушінің әпкесі ретінде таныстырған әйелдің айтуынша, оқиға 29 маусым мен 1 шілде аралығында болған. Боксшының жұбайы ауруханаға ауыр жарақаттармен жеткізілген. Желіде тараған жазбада медициналық құжаттарда асфиксия, бастың ашық жарақаты, құрысу және ми ісінуі көрсетілгені айтылған. Сонымен қатар әйелдің ес-түссіз жағдайда болғаны жазылды.

Жәбірленушінің туыстары тергеуге алаңдаулы

Жәбірленушінің туыстары істің әділ әрі толық тергелуін талап етіп отыр. Әйелдің әпкесі боксшы бостандыққа шыққаннан кейін де жұбайына қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді.

“Сіңлімнің айтуынша, ол босап шыққаннан кейін де қорқытуды жалғастырған. Ажырасатын болсаң, өлтіремін деген. “Барлық жерде байланысым бар” деп айтқан. Оны видеоға түсіріп, балаларды тартып алу үшін психикалық жағдайы дұрыс емес адам ретінде көрсетемін деген”, — деп жазды жәбірленушінің әпкесі.

Полиция қылмыстық іс қозғады

Ақмола облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Іс денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Полиция мәліметінше, 30 маусым күні Көкшетау тұрғыны отбасылық жанжал кезінде жұбайына дене жарақатын салған.

“Оқиғаға қатысушылардың барлық уәждері жан-жақты тексеріліп, құқықтық баға беріледі. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлға заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады”, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Дәрігерлер ауыр жарақат туралы ақпаратты жоққа шығарды

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы жәбірленушінің аса ауыр жарақат алғаны туралы ақпаратты растаған жоқ. Медициналық мекеме мәліметінше, әйел 30 маусым күні көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілген. Оны жақ-бет хирургі мен нейрохирург қарап шыққан.

Дәрігерлер әйелге ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты, денедегі көгерулер мен сырылулар диагнозын қойған. Алайда хирургиялық көмек қажет болмаған. Келесі күні пациент ем қабылдаудан бас тартып, қолхат жазып ауруханадан шыққан.

Реклама
Реклама