Бақыт Сәрсекбаев 18 жылдан кейін Олимпиададағы қарсыласымен қайта кездесті (ФОТО)
Бейжің Олимпиадасының чемпионы 2008 жылғы Олимпиада ойындарындағы бұрынғы қарсыласы, оңтүстіккореялық боксшы Ким Чон Чжумен қайта жүздесті.
Тарихи кездесу Джакартада өтті
Қазақстанның U19 жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы қарсыласымен түскен суретін жариялады.
Қазір Ким Чон Чжу Оңтүстік Корея жастар құрамасының бапкерлер штабында жұмыс істейді. Екі боксшының кездесуі Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионаты кезінде болды.
Сәрсекбаев жариялаған суретіне ерекше сипаттама беріп, жанкүйерлеріне сұрақ тастады.
“Қалай ойлайсыздар, шаштары ағарып, едәуір есейген бұл екеуі 18 жыл бұрын қай жерде кездескен еді?” – деп жазды Олимпиада чемпионы.
Сәрсекбаев Ким Чон Чжуды Бейжіңде жеңген
Бақыт Сәрсекбаев пен Ким Чон Чжу 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында кездескен. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жартылай финалда қазақстандық боксшы оңтүстіккореялықты 10:6 есебімен жеңді.
Осы жеңістен кейін Сәрсекбаев финалға жолдама алып, кейін Олимпиада чемпионы атанды. Ал Ким Чон Чжу Бейжің ойындарының қола жүлдегері болды.
Араға жылдар салып, қос бокстшы енді рингтегі қарсылас емес, жас боксшыларды тәрбиелеп жүрген маман ретінде кездесті. Бұл жолы оларды Джакартадағы Азия чемпионаты табыстырды.
Мұндай кездесу спорттағы сыйластық пен уақыт өтсе де ұмытылмайтын тарихи сәттердің бірі ретінде қабылданды.
Қазақстан Азия чемпионатына 39 боксшы апарды
2026 жылғы бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты Джакартада 3-16 шілде аралығында өтіп жатыр. Құрлықтық додаға 26 елден 430-дан астам боксы қатысуда.
Қазақстан атынан бұл жарыста 39 боксшы ел намысын қорғайды. Медальдар екі жас санатында сарапқа салынады:
- U19 – 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер;
- U23 – 23 жасқа дейінгі жастар.
U19 санатындағы Қазақстанның ерлер құрамасын Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев бастап барды. Ал қыздар командасына Жанкелді Ахметов жетекшілік етеді.
U23 жастар құрамасында ерлер командасының тізгінін Мақсат Бақтыбазаров ұстаса, әйелдер құрамасын Марат Қырықбаев жаттықтырады.