Елена Рыбакина US Open алдында аспаздық қырын көрсетті
Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемдік рейтингтің екінші ракеткасы Нью-Йоркте US Open турнирі қарсаңында ұйымдастырылған The Pros Serve шарасына қатысты.
Хачанов және Арнальдимен бірге балмұздақ дайындады
Рыбакина шара барысында ресейлік теннисші Карен Хачанов және итальяндық Маттео Арнальдимен бірге The Parliament мекемесінде өздерінің ерекше балмұздақ нұсқасын әзірледі. Теннис жұлдыздарының аспаздық шеберлігін сынап көрген сәттері жанкүйерлердің назарын аударды.
Қазақстандық теннисшінің көпшілік алдына шығуы оның денсаулығына қатысты соңғы жаңалықтар аясында ерекше қызығушылық тудырды.
Бұған дейін Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің ширек финалында польшалық Ига Швентекке қарсы матчты аяқтай алмаған еді. Бірінші сетте есеп 1:4 болып тұрған кезде қазақстандық теннисші жарысты жалғастырудан бас тартты.
Осыдан кейін Рыбакинаның US Open аралас жұп бәсекесіне қатыспайтыны белгілі болды. Ол микст жарысында америкалық Тейлор Фрицпен бірге өнер көрсетуі тиіс болатын.
US Open-ға дайындық жайлы
The Pros Serve шарасында Рыбакина Нью-Йоркке келгеннен кейін әзірге жаттығу кортына шықпағанын жеткізді.
Дегенмен қазақстандық теннисшінің айтуынша, қалпына келу үдерісі сәтті жүріп жатыр. Ол алдағы күндері жаттығуды қайта бастап, US Open-2026 турниріндегі жекелей сындағы алғашқы кездесуіне толық дайын болуды жоспарлап отыр.