Жарнама
Жарнама
2028 жылдан бастап теннисшілердің табысы артады
ATP

2028 жылдан бастап теннисшілердің табысы артады

ATP ерлер арасындағы кәсіби теннисті дамытуға бағытталған ауқымды реформалар жобасын әзірледі.

Теннисшілерге төленетін сыйақы көлемі артады

Ұйым өзгерістерді 2028 жылдан бастап жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ұсынысқа сәйкес, ойыншыларға жыл сайын төленетін қаржы көлемін 350 миллион долларға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл сомаға турнирлердегі жүлде қоры, бонустық төлемдер, зейнетақы жинақтары және басқа да қаржылай қолдау түрлері кіреді.

ATP қауымдастықтың бонустық қорын 21,5 миллион доллардан 50 миллион долларға дейін ұлғайтуды ұсынып отыр. Сонымен қатар әлемдік рейтингтің үздік 250 теннисшісін қолдауға жыл сайын 25 миллион доллар бөлу көзделген. Бұдан бөлек, 300 спортшының зейнетақымен қамтылуына шамамен 30 миллион доллар бағыттау жоспарланып отыр.

Турнир ережелері де өзгеруі мүмкін

Реформа тек қаржылық мәселелермен шектелмейді. ATP рейтингтік ұпайларды есептеу тәртібін, жарыстар күнтізбесін және жұптық матчтардың форматын қайта қарау мүмкіндігін де зерттеп жатыр.
Ұйымның көздеген мақсаттарының бірі теннисшілерге түсетін жүктемені азайту және кәсіби турдағы жағдайды жақсарту. Әзірге бастама талқылау кезеңінде. 

Жарнама
Жарнама