Жарнама
Жарнама

Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы басты мақсатын атады

Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай кәсіпқой рингтегі дебюті алдында алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдіріп, болашақтағы басты мақсатын атады. 

Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы басты мақсатын атады
instagram/tashkenbay_sanzhar

Спортшы әлемнің ең мықты боксшыларының бірі Наоя Иноуэмен шаршы алаңда кездескісі келетінін айтты.

"Мен үшін алғашқы жекпе-жегімде-ақ белбеу үшін жұдырықтасу — үлкен мүмкіндік. Осындай мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Менің қарсыласым әлсіз боксшы емес. Оның соққылары өте мықты әрі жойқын, сонымен қатар кәсіпқой бокста тәжірибесі бар. Алла қаласа, жекпе-жекті барынша белсенді өткізуге, соңына дейін жұмыс істеуге және рингті қарсыласыма бермеуге тырысамын. Қарсыласымның мықты болғаны мен үшін тіпті жақсы. Менің ойымша, бірге көрермендерге шынымен тартымды әрі қызықты жекпе-жек көрсете аламыз.

Қазір бабымдамын және алдағы жекпе-жекке толық дайынмын. Бұл жекпе-жекті өзім қаладым, кәсіпқой бокста өзімді сынап көру қызықты болды. Алдағы жоспарларыма келетін болсақ, әзірге нақты ештеңе жоқ. Менің басты мақсатым — Алланың қалауымен өз салмағымның королі болу. Бір күні Иноуэмен рингте кездескім келеді. Ол маған ең қатты ұнайтын боксшылардың бірі".

28 тамызда Астанада халықаралық бокс күніне арналған IBA Nomad турнирі өтеді. Осы кеште Санжар Тәшкенбай филиппиндік Нил Хакамоске қарсы жекпе-жек өткізеді. Кездесуде бірінші жеңіл салмақтағы IBF Asia чемпионының титулы сарапқа салынады.

Әуесқой бокстағы әлем чемпионы

Санжар Тәшкенбай Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші боксшыларының бірі саналады. Былғары қолғап шебері әуесқой бокста әлем чемпионатында екі рет алтын медаль жеңіп, Азия чемпионатында топ жарған. Енді қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі мансабын чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекпен бастауды көздеп отыр.

Жарнама
Жарнама