Жарнама
Жарнама

Шавкат Рахмонов Санжар Тәшкенбайды қылқындыру әдісіне түсірді

UFC файтері Шавкат Рахмонов ұзаққа созылған оңалту кезеңінен кейін жаттығуын жалғастырып жатыр.

Шавкат Рахмонов Санжар Тәшкенбайды қылқындыру әдісіне түсірді
NUR.kz

Рахмонов қылқындыру әдісін қолданды

Darteam командасының Instagram парақшасында UFC жартылай орта салмағы рейтингінде кезінде екінші орында тұрған Шавкат Рахмоновтың жаттығуынан видео жарияланды.

Кадрдан қазақстандық файтердің Санжар Тәшкенбаймен грэпплинг форматында жұмыс істеп жатқанын көруге болады. Бір сәтте Рахмонов қарсыласын қылқындыру әдісіне түсіреді. Тәшкенбай берілгенін білдіргеннен кейін Шавкат бірден әдісті тоқтатқан.

Бейнежазба барысында Санжар өзінің жекпе-жек спортындағы алғашқы қадамдарын ММА-дан бастағанын да айтқан.

Рахмонов UFC-де 2024 жылдан бері жекпе-жек өткізген жоқ

Рахмоновтың UFC-дегі соңғы кездесуі 2024 жылдың 7 желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде болды.

Ол ирландиялық Иэн Гэрримен бес раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Бұл кездесу жартылай орта салмақтағы титулға басты үміткерді анықтайтын маңызды айқастардың бірі саналған.

Дегенмен содан бері Шавкат октагонға оралған жоқ. Оған тізесінен алған ауыр жарақаттан кейінгі ұзақ оңалту кезеңі себеп болды.

Қазіргі таңда Рахмоновтың кәсіби ММА-дағы көрсеткіші — 19 жеңіс және 0 жеңіліс.

Тәшкенбай кәсіпқой бокста дебют жасауға дайындалып жатыр

Ал Санжар Тәшкенбай 2026 жылдың 28 тамызында Астанада кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.

Боксшы кәсіби мансабын бірден 10 раундтық титулдық кездесуден бастамақ. Бұл айқас халықаралық IBA Nomad бокс кешінің басты жекпе-жегі болады.

Тәшкенбайдың қарсыласы — филиппиндік Нил Джакамос. 25 жастағы боксшының кәсіби рингтегі көрсеткіші — 7 жеңіс, 1 жеңіліс. Жекпе-жекте бірінші аса жеңіл салмақтағы IBF Asia нұсқасы бойынша вакантты чемпиондық белбеу сарапқа салынады.

Жарнама
Жарнама