Жарнама
Жарнама
Головкин мен Жиров артта қалды. Әділбек Ниязымбетов бокс аңыздарынан мықтырақ болып шықты
Vesti.kz

Головкин мен Жиров артта қалды. Әділбек Ниязымбетов бокс аңыздарынан мықтырақ болып шықты

Жуырда британдық сарапшы әуесқой бокс тарихындағы үздіктер рейтингін жариялады. 

Қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов британдық сарапшы Мэтт Робинсонның әуесқой бокс тарихындағы үздіктер рейтингінде 92-орынға жайғасты.

Осы көрсеткіш бойынша Ниязымбетов бірнеше қазақстандық Олимпиада чемпионын артта қалдырды. Тіпті Геннадий Головкинді басып озды. 

Ниязымбетов кімді басып озды?

Мэтт Робинсонның тізімінде қазақстандық боксшылардың орындары мынадай:

  • Әділбек Ниязымбетов – 92-орын;
  • Геннадий Головкин – 103-орын;
  • Бақтияр Артаев – 106-орын;
  • Бекзат Саттарханов – 122-орын;
  • Бақыт Сәрсекбаев – 142-орын.

Сарапшы Ниязымбетовтың жоғары орын алуын тек медаль санына емес, қарсыластарының деңгейіне, тұрақтылығына және ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейде өнер көрсетуіне байланыстырады.

"Әділбек Ниязымбетов – қазіргі дәуірдегі ең мықты әуесқой боксшыларды бағалағанда ерекше назар аударуға тұрарлық спортшы. Оның қоржынында екі Олимпиада күмісі, екі әлем чемпионатының күмісі және екі Азия чемпионатының алтыны бар", – деп жазды сарапшы.

Оның пікірінше, Ниязымбетовтың басты артықшылықтарының бірі – өте мықты қарсыластарды жеңе білуі.

Қазақстандық боксшы әр кезеңде Эльшод Расулов, Карлос Гонгора, Александр Гвоздик, Ойбек Мамазулунов және Теймур Мамедов секілді танымал спортшылардан басым түсті.

"Жировтан да жоғары қоямын"

Британдық сарапшы Ниязымбетовтың стилін де ерекше атап өтті. Оның пікірінше, аяқпен жұмыс істеу, тайминг, алдыңғы қолмен шабуылдау және қарсы соққы жасау қабілеті Әділбекті 81 келіде өте қолайсыз қарсыласқа айналдырды.

Робинсон тіпті Ниязымбетовты қазақстандық жартылай ауыр салмақ тарихында Василий Жировтан жоғары қоятынын жасырмады.

"Жетістіктері, қарсыластарының деңгейі, жоғары деңгейдегі ұзақ мансабы және техникалық шеберлігі оны бірқатар Олимпиада және әлем чемпиондарынан жоғары қоюға мүмкіндік береді. Ал егер нақты қазақстандық жартылай ауыр салмақтағы боксшылар туралы айтсақ, мен Ниязымбетовты Василий Жировтан жоғары қоямын", – деп түсіндірді сарапшы.

Ниязымбетов жаңа қызметке тағайындалды

Айта кетейік, 10 қазанда Әділбек Ниязымбетов Қазақстандағы "Спортшылар кеңесінің" даму жөніндегі директоры қызметіне тағайындалды.

Жарнама
Жарнама