Асу Алмабаев маңызды жекпе-жек алдында қазақстандықтарға үндеу жасады
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев (24-3) алдағы жекпе-жегіне дайындық барысы туралы айтып, отандастарын Катарда өтетін турнирде қолдауға шақырды.
Алмабаевтың айтуынша, қазір командасы таулы аймақта оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Дайындықтың алғашқы кезеңі Владикавказда аяқталған, екінші кезең жалғасуда.
Ал үшінші кезең Катарда өтеді. Команда жекпе-жекке үш апта қалғанда Катарға баруды жоспарлап отыр.
"Ассалаумағалейкум! Қазір тауда алдында айтып өткендей, 1560 метр биіктікте оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Бірінші кезеңді Владикавказда аяқтадық, екінші кезеңіміз жалғасуда, ал үшінші кезең Катардың өзінде болады. Үш апта бұрын ертерек барып аламыз.
Ең бастысы — жарақатсыз жақсы, әдемі оқу-жаттығу жиынын өткізу. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Катарда қолдап, барлықтарыңыз келіңіздер! Бұған дейін Бакуде, одан бұрын Абу-Дабиде еліміздің қолдауы өте күшті болды",— деді Асу Алмабаев.
Қазақстандық файтер келесі жекпе-жегін 21 қарашада Катардың Эр-Райян қаласында өтетін UFC Fight Night турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы — жапониялық файтер, Bellator және Rizin ұйымдарының бұрынғы чемпионы Кёдзи Хоригучи (36-6).