
Алматы көшелерінің бірінде мопед мінген жүргізуші полициядан қашпақ болды. Бұл сәтті куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
Оқиғаның видеосы Telegram-дағы Kris_p_almaty_official арнасында пайда болды. Видео сипаттамасында мопед жүргізушісінің басқаруды жоғалтып, жолға құлап түскені айтылған. Кадрларда полицейлердің оны қуып жетіп, тоқтатуға тырысқаны анық байқалады.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл видеоға қатысты пікір білдіріп, жағдайдың мән-жайын ашып көрсетті.
"Видеода мопед жүргізушісінің полиция талабын елемей, тоқтамай қашуға тырысқаны анық көрінеді. Ол тіпті қиын жерлермен жаяу жүгіруге де тырысты. Алайда полицейлер оны ұстады. Жүргізуші жол ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді ведомство өкілдері.
Полиция өкілдері құқық қорғау органдары тек заң аясында әрекет ететінін және Президент жариялаған "Заң мен тәртіп" қағидасын ұстанатынын атап өтті.
"Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғасуда", – делінген ресми мәлімдемеде.