
Қыркүйекте рельстер толық төселіп, алғашқы құрам техникалық сынақтан өтеді. Егер сынақ сәтті болса, елордалықтар жаңа қоғамдық көлікпен қаңтар-ақпан айларында қатынай алады.
Астанада көп жылдан бері аяқталмай келе жатқан LRT жобасына қатысты жаңа мәлімет жарияланды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жолаушылар үшін жолақы шамамен 200 теңгеден аспайды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Әкімнің сөзінше, қыркүйек айында барлық рельс төселіп бітеді және алғашқы пойыздар техникалық сынақтан өтеді. Сынақ мерзімі үш айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Осы кезең аяқталған соң ғана нақты іске қосылу күні белгілі болады.
LRT құрылысын қытайлық компания жалғастырып жатыр. Жоба халықаралық серіктестік аясында жүзеге асуда. Егер сынақтар сәтті өтсе, астаналықтар қаңтар-ақпан айларынан бастап заманауи рельстік көлікпен қатынай алады.
"Қыркүйек айында алғашқы құрамды тестілеу іске қосылады. Соның қорытындысы бойынша нақты қашан толық жұмысқа кірісетіні анықталады. Болжам бойынша жолақы 200 теңгеге дейін болады. Нақты сома жыл соңына дейін белгілі болады", – деді Жеңіс Қасымбек.