
Танымал продюсер әрі Қайрат Нұртастың анасы жуырда өзінің оқырмандары арасында ұтыс ойынын ұйымдастырған болатын.
Танымал продюсер әрі Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова оқырмандары арасында ұйымдастырған ұтыс ойыны көптің назарын аударды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Продюсер өз брендінің сусабындарын сатып алғандар арасында лоторея ұйымдастырған. Нәтижесінде ол алтын, бриллиант әшекейлерін, тіпті жеке көйлектерін де ұтысқа тіккен. Ең басты сыйлық – құны 50 миллион теңге тұратын Lexus көлігі 7 баласы бар анаға бұйырды.
Айдарбекова ұтыстың әділ өткенін айтып, кейбір қатысушылардың наразылығына жауап берді:
“200 пайыз әділ өтті. 7 баласы бар мұқтаж жанға құны 50 миллион теңге тұратын Лексус көлігім бұйырды. Ұтпай қалған кісілерге айтарым – сіздер сусабын алдыңыздар. Тауар кері қайтарылмайды. Мен алдап қашып кететін адам емеспін”, – деді продюсер.
Әлеуметтік желіде пікірлер екіге жарылды. Бір бөлігі Айдарбекованың игі ісін қолдаса, екінші бөлігі ұйымдастырудағы олқылықтарға сын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртастың сахналық костюмін де ұтысқа тіккенін жариялаған еді.