
Футболшымен бірге жұмыс істеген бапкері Сергей Пак Бақтиердің мықты мінезі мен тәжірибесі оны жаңа деңгейге көтеретініне сенімді.
Қазақ футболының жарқын жұлдызы Бақтиер Зайнутдинов жақын арада мансабын қайта жандандыруы мүмкін. Бұл туралы оның бұрынғы жаттықтырушысы Сергей Пак мәлімдеді.
Sports.kz ақпаратына сәйкес, Сергей Пак футболшының Түркияда өткізген кезеңін сәтсіз деп санамайды. Оның айтуынша, жарақаттарға қарамастан, Зайнутдиновтің мансабында жаңа парақ ашуға толық негіз бар.
«Түркиядағы кезеңін сәтсіз деуге болмайды. Бұл – жоғары деңгейдегі чемпионат, ол жерде жинаған тәжірибе оған пайдалы болды. Иә, жарақаттар кедергі болды, бірақ ол өзін дәлелдеді. Енді бәрі тек өзіне байланысты. Жасы – ең қолайлы кезеңде, топ чемпионатта ойнауға толық мүмкіндігі бар», – дейді Пак.
Сонымен қатар, ол жақында футболшымен сөйлескенін айтып өтті. Бақтиердің мінезі мен қайсарлығы қиындықтарды жеңуге көмектесетініне сенімді.
Пак мәлімдеген тағы бір жайт – Мәскеудің «Динамо» клубының Зайнутдиновке қызығушылық танытқаны. Бұл ұсыныс футболшы үшін тиімді бағыт болуы мүмкін, дегенмен соңғы шешімді Бақтиердің өзі қабылдауы тиіс.