Патрик Доргу жарақат алып, шамамен 10 аптаға алаңнан тыс қалады.
Доргу жексенбі күні “Арсеналға” қарсы “Эмирейтс” стадионында өткен ойында алыстан соққан соққысымен “Юнайтедті” алға шығарған. Алайда көп ұзамай жарақатына байланысты алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Эпизод барысында даниялық ойыншы серпіле ұшқан допты қуып жетпек болған сәтте тепе-теңдігін жоғалтып, көгалға құлағаннан кейін ауырсыну сезінген. Оның орнына Беньямин Шешко алаңға шыққан.
The Athletic жариялаған жаңа мәліметке сәйкес, медициналық тексеріс нәтижелері жарақаттың бастапқы болжамнан анағұрлым күрделі екенін көрсеткен. Ал клубтың алғашқы бағасында мәселе құрысу болуы мүмкін деген нұсқа қарастырылған.
Егер Доргу расымен 10 апта өткізіп алса, онда ол сәуір айының басында қайта сапқа қосылуы ықтимал. Сондай-ақ ойыншының 11 сәуірде “Олд Траффордта” өтетін “Лидске” қарсы матчқа дейін қалпына келіп үлгеруі мүмкін деген болжам бар.