ҚПЛ-ден әлем чемпионатына баратын жалғыз ойыншы Болгариядан шақырту алды
"Астана" және Босния және Герцеговина құрамасының 24 жастағы футболшысы алдағы әлем чемпионаты алдында сұранысқа ие бола бастады.
“Левски” алғашқы ұсыныс жасады
Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше, Софияның “Левски” клубы “Астана” ФК жартылай қорғаушысы Иван Башичке нақты қызығушылық танытып отыр.
“Менің ақпаратым бойынша софиялық “Левски” “Астана” жартылай қорғаушысы Иван Башичке үлкен қызығушылық білдіруде. Болгария чемпионы футболшының трансфері бойынша алғашқы ұсынысын жасап үлгерді. Босния және Герцеговина құрамасының ойыншысы үшін бастапқы ұсыныс шамамен 2,5 миллион еуро”, — дейді инсайдер.
Башичтің ҚПЛ-дегі көрсеткіші
Биылғы маусымда Иван Башич Қазақстан Премьер-лигасында 10 матч өткізді. Осы кездесулерде бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді.
24 жастағы хавбек “Астана” сапында орталық алаңдағы ойынды ұйымдастыруымен және ұлттық құрама деңгейіндегі тәжірибесімен ерекшеленіп жүр.
Дегенмен елордалық клуб футболшыны сатуға асықпай отыр. Себебі “Астана” басшылығы Башичтің алдағы әлем чемпионатында өзін жақсы қырынан көрсетіп, трансферлік құнын арттыра алады деп есептейді.
“Астана” Башич бойынша түскен ұсыныстарды бірден қабылдауға асықпайды. Клуб футболшының алдағы әлем чемпионатында көзге түсіп, нарықтағы бағасын көтеруіне үміт артып отыр. Оның “Астанамен” қазіргі келісімшарты 2028 жылдың соңына дейін жарамды”, — деп түйіндеді Аманбаев.
Иван Башичтің ерекшелігі – Қазақстан Премьер-лигасынан әлем чемпионатына қатысуы мүмкін жалғыз футболшы ретінде аталып отыр. Бұл жағдай оның трансферлік құнына да, еуропалық клубтардың қызығушылығына да әсер етуі ықтимал.