Ұлттық құрама футболшылары Чемпиондар лигасының финалына болжам жасады (ВИДЕО)
Қазақстан құрамасының ойыншылары УЕФА Чемпиондар лигасының финалындағы "ПСЖ" мен "Арсенал" арасындағы шешуші матчқа өз болжамдарын айтты.
Ойыншылардың пікірі екіге бөлінді
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі ұсынған болжамдар бойынша ұлттық құрама ойыншыларының таңдауы тең түскен. Үш футболшы “ПСЖ” жеңіске жетеді деп есептесе, тағы үш ойыншы “Арсеналдың” мүмкіндігін жоғары бағалаған.
“ПСЖ”-ның жеңісіне сенім білдіргендердің қатарында қақпашылар Темірлан Анарбеков пен Бекхан Шайзада бар. Анарбеков финал 2:0 есебімен париждіктердің пайдасына аяқталады деп болжаса, Шайзада 3:0 нәтижесін ұсынды.
Дастан Сәтпаев Дембеленің дубль жасайтынын айтты
Франциялық клубтың жеңісіне Дастан Сәтпаев та сенеді. Оның болжамынша “ПСЖ” финалда “Арсеналды” 3:1 есебімен ұтады.
Сәтпаев бұл ойында Усман Дембеле дубль авторы атанып, тағы бір голды Хвича Кварацхелия соғады деп болжады.
“Арсеналға” кімдер сенім білдірді?
Ал “Арсеналдың” жеңісіне Рамазан Оразов, Еркін Тапалов және Мақсат Абраев дауыс берген. Қазақстан құрамасының бұл ойыншылары ағылшын клубының финалда жеңіске жетуге мүмкіндігі бар деп санайды.
Еске салайық, УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық матчы “ПСЖ” – “Арсенал” 30 мамыр күні Астана уақытымен сағат 21:00-де өтеді.