Дидар Сыдықбек "Тараз" ФК директоры қызметінен кетті

Футбол шолушысы

"Тараз" футбол клубында басшылық ауысты. 

Дидар Сыдықбек "Тараз" ФК директоры қызметінен кетті
фото: ашық дереккөздерден алынған

"Таразда" басқару жүйесі өзгеруі мүмкін

Инсайдер Елдар Аманбаев өзінің Telegram-арнасында клуб басшылығына қатысты былай деп жазды:

"Дидар Сыдықбек енді “Тараз” футбол клубының басшылығында жоқ. Менің ақпаратым бойынша, ол клубтан кетті. Жақын арада Жамбыл облысының әкімдігі команданы мемлекеттік басқаруға қайтару және жаңа инвестор іздеу рәсімін бастайды. Клуб басшысының міндетін Ерназар Тоқсанбаев атқарады". 

Ерназар Тоқсанбаев уақытша басшы болды

Қазір "Тараз" клубының басшысы міндетін Ерназар Тоқсанбаев атқаратыны айтылды. Әзірге клуб тарапынан бұл өзгерістерге қатысты ресми мәлімдеме жарияланған жоқ.

Дидар Сыдықбек "Тараз" клубының жетекшісі болып былтыр желтоқсан айында тағайындаллы. Бұған дейін "Атырау" клубында бас менеджер болған. Сонымен қатар Сыдықбек Қазақстан футболында SD Family медиалық футбол клубының негізін қалаушы ретінде де танымал.

"Тараз" ҚПЛ-ға шығу миссиясынан алыстады

Маусым басында Жамбыл облысының басшылығы "Тараз" клубына Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алу міндетін қойған. Алайда Бірінші лигадағы нәтиже әзірге бұл мақсатқа сай келмей тұр.

12 турдан кейін жамбылдықтардың еншісінде 16 ұпай бар. Ұжым турнир кестесінде 9-орында келеді. Команда бес матч қатарынан жеңілді.