"Жеңіс" жаңа бас бапкердің есімін жариялады
Босниялық маман Владимир Слишкович қызметінен кеткеннен кейін команданың бас бапкері міндетін уақытша Антон Чичулин атқаратын болды.
Жаңа бапкермен жаңа белеске
Елордалық клуб бұл шешімді Instagram желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді. Бұған дейін команданың жаттықтырушылар штабында жұмыс істеген Антон Чичулин енді негізгі құрамды уақытша басқарады.
"Жеңіс" футбол клубы негізгі команданың бас бапкері міндетін атқарушы болып бұған дейін жаттықтырушылар штабында қызмет еткен Антон Чичулин тағайындалғанын хабарлайды", – делінген клуб мәлімдемесінде.
Антон Чичулин – "Жеңіс" клубының түлегі. Ол футболшы ретінде 2000-2008 жылдар аралығында елордалық команданың намысын қорғап, 130-дан астам кездесуге қатысқан.
Маман 2026 жылғы маусымның басынан бері клубтың жаттықтырушылар құрамында жұмыс істеп келеді. Ал жазда негізгі команданың бапкерлер штабына қосылған.
Чичулинге жастар командасының жаттықтырушылары Максим Азовский мен Александр Берг көмектеседі.
Владимир Слишковичтің нәтижесі қандай болды?
Айта кетейік, 22 қазанда "Жеңіс" босниялық маман Владимир Слишковичпен келісімнің аяқталғанын ресми түрде хабарлады.
Оның жетекшілігімен астаналық клуб Қазақстан Премьер-лигасында тоғыз кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жеткен. Қалған бес матчта қарсыластарына есе жіберген.
Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы аяқталғанша "Жеңіске" екі ойын өткізу қалды.
Астаналықтар 24 қазанда сырт алаңда "Ордабасымен" кездеседі. Ал 31 қазанда өз алаңында қызылордалық "Қайсарды" қабылдайды.