"Бернли" жаңа бапкер іздеуде: Стивен Джеррард - басты үміткер
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін команданы енді "Ливерпульдің" бұрынғы капитаны жаттықтыруы мүмкін.
Бас бапкерлікке үміткер
Burnley Express басылымының мәліметінше, Стивен Джеррард "Бернли" клубының жаңа бас бапкері болуға негізгі үміткерлердің бірі саналады. Басылым келтірген болжамдарда ағылшындық маман алдыңғы орында тұр. Айта кетейік, Джеррардтың есімі бұған дейін де жазғы трансферлік кезеңде "Бернлимен" байланыстырылған. Клуб әзірге оның тағайындалатыны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Еске салайық, "Бернли" басшылығы команданың сәтсіз нәтижелерінен кейін бельгиялық Ники Хайенмен қоштасу туралы шешім қабылдады. Соңғы кездесуде "Бернли" "Линкольн Ситиден" 1:4 есебімен ойсырай жеңілген еді.
Хайеннің жетекшілігімен команда Чемпионшипте 12 матч өткізіп, небәрі бір рет жеңіске жетті және бес кездесуде тең ойнады. Англия Лигасының кубогында алғашқы кезеңнен өткенімен, екінші айналымда пенальти сериясында жеңіліп қалды.
Стивен Джеррард қандай жетістіктерге жеткен?
Стивен Джеррард – ағылшын футболының ең танымал тұлғаларының бірі. Ол 1998–2015 жылдары "Ливерпуль" сапында өнер көрсетіп, клубтың символына айналды.
Ағылшындық жартылай қорғаушының мансабындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2005 жылы "Ливерпульмен" бірге УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алуы. "Мерсисайдтықтар" сапында барлық турнирді есептегенде 710 матч өткізді. 186 гол соғып, 156 нәтижелі пас берген.
Сонымен қатар Англия ұлттық құрамасында 114 кездесуге қатысып, 21 гол және 23 нәтижелі пас авторы атанған. Ойыншы мансабының соңғы кезеңін АҚШ-тың "Лос-Анджелес Гэлакси" клубында өткізіп, кейін жаттықтырушылық қызметке ауысты.
Джеррардтың бапкерлік мансабы
Ағылшын маманы алғашқы қадамдарын "Ливерпульдің" жастар командасында бастады. Кейін Шотландияның "Рейнджерс" клубын басқарған 2020/2021 жылғы маусымда команданы ел чемпиондығына жеткізді. Бір қызығы, оның шәкірттері сол маусымда чемпионатта бірде-бір рет жеңілген жоқ. Бұдан кейін "Астон Виллада" қызмет атқарды.
2023 жылдың шілдесінде Сауд Арабиясының "Әл-Иттифақ" клубының тізгінін ұстап, 2025 жылдың қаңтарында қызметінен кетті. Содан бері Джеррард клуб жаттықтырған жоқ және футбол сарапшысы ретінде телебағдарламаларға қатысып жүр.