"Тобыл" легионерге қарыз екенін мойындады
Қостанайлық "Тобыл" марокколық жартылай қорғаушы Ахмед Эль-Мессаудиге келісімшартта көрсетілген бонусты толық төлемеген.
15 гол мен 14 нәтижелі пас үшін бонус төленбеген
31 жастағы футболшының "Тобылмен" келісімінде нәтижелі әрекеттері үшін қосымша сыйақы қарастырылған. Қостанайлық командада өткізген екі маусымда Эль-Мессауди 15 гол соғып, 14 нәтижелі пас берген. Бірақ осы көрсеткіштері үшін тиесілі ақшасын әлі алмаған. Бұл туралы ASnews.kz хабарлады.
Ойыншының өкілі мәселенің тек қаржыға тіреліп тұрмағанын айтып, клубпен байланыс орнату қиындағанына наразылық білдірді.
"ФИФА-ға жүгінгіміз келмейді. Себебі Ахмед бұл клуб пен жанкүйерлерді қатты құрметтейді. Бірақ қазір әңгіме тек ақшада емес, адамға деген қарым-қатынаста болып отыр. Қоңырауларды жауапсыз қалдыруға бола ма?" – деді футболшының өкілі.
"Тобыл" қарызды өтеуге уәде берді
Қостанайлық клуб Эль-Мессауди алдында берешегі бар екенін растаған. "Тобыл" өкілдері төлем мәселесін барынша қысқа мерзімде шешуге уәде берді.
Дегенмен ұсынылған ақпаратта қарыздың нақты сомасы мен төленетін күні көрсетілмеген.
Марокко құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы қостанайлық клубқа 2024 жылы Нидерландтың "Эммен" командасынан ауысқан.
"Тобыл" сапында 59 матчқа қатысқан футболшы Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Бұған дейін "Гронинген" және "Стандард" клубтарында да өнер көрсеткен. Қазір Эль-Мессауди Қытайдың "Циндао Хайню" командасында ойнайды.