Хоккейден әлем чемпионаты уақытша тоқтатылды

Сарапшы, спорт журналисі

Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) ерлер арасындағы әлем чемпионатының II дивизион, А тобы турнирінің ресми түрде өткізілмейтінін хабарлады. 

Хоккейден әлем чемпионаты уақытша тоқтатылды
Reuters

Турнир Біріккен Араб Әмірліктерінде 20-26 сәуір аралығында өтуі керек еді. Бірақ Таяу Шығыстағы қақтығыс өз әсерін тигізді.

Бастапқыда жарысты Грузия тарапы өткізуге ниет білдірген. Дегенмен бұл идеяны австралиялықтар мен БАӘ өкілдері қабылдамады. Сонымен қатар наурыз айының ортасында Кувейт астанасы қабылдайтын IIHF төртінші дивизионың әлем чемпионаты да өткізілмеді. Қатысушылар қатарында Сингапур, Индонезия, Иран, Армения, Кувейт және Малайзия құрамалары болған.

Халықаралық федерацияның мәліметінше, турнирдің өткізілмеуіне байланысты 2026 жылғы маусымға қатысты ауысым жүйесі уақытша тоқтатылады. Яғни командалар жоғары дивизионға көтерілмейді және ешбір құрама төменгі дивизионға түсірілмейді. Бұл шешім бірнеше деңгейдегі топтарға әсер етеді. Соның ішінде I дивизионның B тобы мен II дивизионның A және B топтары. Турнирге Хорватия, Бельгия , Австралия, Сербия, БАӘ, Грузия қатысуы жоспарланған. 

Ал Қазақстан құрамасының хоккейшілері 2-8 мамыр аралығында IA дивизионы бойынша Польшаның Сосновец қаласындағы әлем чемпионатында бақ сынайды. Былтыр ұлттық құрама ӘЧ-да В тобының турнирлік кестесінде соңғы орын алып, элиталық дивизион қатарынан шығып қалған.

2026 жылғы жоғарғы дивизионның әлем чемпионатына 16 ел қатысады. Турнир 15-31 мамыр аралығында Швейцарияның Цюрих және Фрибур қаласында өтеді.