Бибісара Асаубаева үміткерлер турнирінде қатарынан екінші рет тең түсті
Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева 2026 жылғы әйелдер арасындағы үміткерлер турнирінде кезекті ойынын тең нәтижемен аяқтады. Байрақты дода Кипрде өтіп жатыр.
Тағы бір ұпай еншіледі
22 жастағы қазақстандық шахматшы сегізінші турда үндістандық Вайшали Рамешбабумен қайта кездесіп, тартысты партия өткізді. Бұған дейінгі бірінші айналымдағыдай бұл матч та тең есеппен аяқталды. Бұл жолы Асаубаева ақ тастармен ойнады.
Қазіргі уақытта қазақстандық шахматшының еншісінде 3,5 ұпай бар. Ол осы уақытқа дейін:
- 1 жеңіске жетті;
- 5 рет тең түсті;
- 2 партияда жеңіліс тапты.
Бұл нәтиже Бибісараның турнир кестесіндегі жағдайын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.
Келесі қарсылас — Александра Горячкина
Асаубаева турнирдің тоғызыншы турында ресейлік Александра Горячкинамен кездеседі. Горячкина бұл жарыста бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жүр. Екеуінің арасындағы алғашқы партия да тең аяқталған.
Биылғы әйелдер арасындағы үміткерлер турниріне барлығы сегіз шахматшы қатысып жатыр. Жарыс ережесіне сәйкес әр қатысушы барлық қарсыласымен екі реттен ойнайды. Бір рет ақ тастармен және бір рет қара тастармен.
Турнирдің жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін матч өткізу құқығына ие болады.
Ерлерде кім көш бастап тұр?
Кипрде әйелдер турнирімен қатар ерлер арасындағы дәл осындай жарыс та ұйымдастырылған. Сегіз тур қорытындысы бойынша көш басында Өзбекстан өкілі Жавохир Синдаров келеді. Оның қоржынында 6,5 ұпай бар.