ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ

Қазақстан Қырғызстанға қарағанда көшпенділер ойындарына үш есе көп қаржы жұмсаған

Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге мемлекеттік бюджеттен 336 миллион сом бөлді.

Қазақстан Қырғызстанға қарағанда көшпенділер ойындарына үш есе көп қаржы жұмсаған
фото ашық дереккөзден алынды

Көшпенділер ойындары Бішкекте ашылды

Бішкекте этноспорт түрлерінен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар қалада 51 мың көрерменге арналған жаңа стадион пайдалануға берілді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осымен алтыншы рет жалауын көтерді. Жарыс бұған дейін тек екі рет Қырғызстаннан тыс жерде өткен:

2022 жылы – Түркияда;

2024 жылы – Қазақстанда.

Қырғызстан жарысқа қанша қаржы бөлді?

Ресми мәліметке сәйкес, Қырғызстан бюджеті Көшпенділер ойындарын өткізуге 336 миллион сом немесе шамамен 3,84 миллион доллар қарастырған.

Оның 64 миллион сомы, яғни 730 мың долларға жуық қаражат жүлдегерлерге берілетін сыйақы қорына бағытталған.

Ал 2024 жылы Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға Қазақстан билігі 5,7 миллиард теңге бөлді. Сол кездегі бағам бойынша бұл шамамен 12 миллион долларға тең болған.

Демеушілер мен серіктестерден тартылған қаражатты қосқанда жарыстың жалпы операциялық бюджеті 8 миллиард теңгеге немесе 17 миллион долларға жеткен.

Telegram-дағы "Дядя Ваня" арнасының мәліметінше, Астанадағы ойындарға жоспарланған қаржы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету мақсатында қысқартылған. Ал жарыстың жалпы жүлде қоры 250 миллион теңге, яғни шамамен 527 мың доллар болған.

Осылайша тек мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты салыстырғанда Қазақстан Көшпенділер ойындарына Қырғызстаннан үш еседен астам көп қаржы жұмсаған.

104 елдің спортшысы бақ сынайды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Спорттық бағдарламаның негізгі бөлігі Ыстықкөл мен Шолпан-Ата аумағында ұйымдастырылады.

Биылғы додаға 104 елден спортшылар мен ресми делегациялар келген. Бір апта ішінде 43 спорттық бағдарлама бойынша жүлделер сарапқа салынады.

Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы бірінші орын алды. Ұлттық құрама 112 медаль жеңіп алған: 43 алтын, 32 күміс және 37 қола.

Екінші орынға 19 алтын, 21 күміс және 25 қола медаль иеленген Қырғызстан жайғасты. Үздік үштікті 12 алтын, 12 күміс пен 25 қола жүлде еншілеген Ресей түйіндеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір қалдыру уақытша жабық.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.