Футзалдан Қазақстан құрамасы Беларусьті тоғыз гол соғылған тартысты матчта жеңді
Футзалдан Қазақстан құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде маңызды жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы алғашқы таймда басымдық танытты
Кездесудің алғашқы минуттарында Беларусь құрамасы белсенді қимылдап, есеп ашты. Төртінші минутта Сергей Крыкун қазақстандықтардың қақпасын дәл көздеді.
Алайда алаң иелері көп ұзамай таразы басын теңестірді. Тоғызыншы минутта Альберт Ақбалықов пенальтиді сәтті орындап, есепті 1:1-ге жеткізді.
Осыдан кейін Қазақстан құрамасы ойын тізгінін өз қолына алды. Оныншы минутта Эдсон командасын алға шығарса, араға төрт минут салып тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
Нәтижесінде қазақстандықтар бірінші таймды 3:1 есебімен аяқтады.
Эдсон хет-трик жасап, Игита гол соқты
Екінші таймда да Қазақстан құрамасының шабуылдары нәтижелі болды. 28-минутта Эдсон қарсылас қақпасын үшінші рет дәл көздеп, хет-трик авторы атанды.
31-минутта Беларусь ойыншысы Максим Батурин есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен арада үш минут өткенде қазақстандықтардың қақпашысы Игита гол соғып, есепті 5:2-ге жеткізді.
Матчтың соңғы бөлігінде Беларусь құрамасы қарқынын күшейтіп, қатарынан екі гол соқты. Соған қарамастан Қазақстан футболшылары жеңісті уысынан шығарған жоқ.
Қазақстанның әлем чемпионаты іріктеуіндегі қарсыластар
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2028 жылғы футзалдан әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңінде алтыншы топта өнер көрсетеді.
Бұл топта қазақстандықтарға Беларусь пен Албания құрамалары қарсылас атанады
Іріктеу ережесіне сәйкес, топта бірінші орын алған құрама элиталық кезеңге тікелей жолдама алады.
Беларуське қарсы кездесудегі жеңіс Қазақстан құрамасының келесі кезеңге өту мүмкіндігін арттырды.