Бір күнде үш медаль: Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартты
Диас Кенжебектің жеңісінің арқасында Қазақстан құрамасының қоржынына V Азия Пара ойындарында бесінші алтын медалі түсті.
Қазақстандық паражүзуші Диас Кенжебек Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алып, Азия рекордын жаңартты.
Ол ерлер арасындағы S10 класында 100 метрге шалқалап жүзуден финалда бірінші орын алды. Бұл – Қазақстан құрамасының V Азия Пара ойындарындағы бесінші алтын медалі.
Диас Кенжебек қашықтықты 1 минут 1,98 секундта жүзіп өтті. Осы нәтижемен қазақстандық спортшы бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық Азия рекордын жаңартты.
Күміс медаль Жапония өкілі Акито Минаға бұйырды – 1:05.13. Қоланы тағы бір жапониялық спортшы Юмето Идо иеленді – 1:07.64.
Бір күнде үш медаль
Диас Кенжебек сол күні тағы екі рет жүлдегер атанды. 200 метрге кешенді жүзуден финалда Кенжебек 2 минут 21,61 секунд нәтиже көрсетіп, күміс медаль алды.
Ал таңғы сессияда 100 метрге еркін стильде жүзуден 59,10 секунд нәтижемен екінші орын иеленді. Осылайша, қазақстандық паражүзуші бір күнде бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, Диас Кенжебек бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарында да 100 метрге шалқалап жүзуден чемпион атанды. Сол жарыста 1 минут 5,42 секунд нәтижемен Азия және Азия Пара ойындарының рекордын бірден жаңартты.