ӘЧ-2026: Бүгін шаршы алаңға қай боксшыларымыз шығады?
Байрақты бәсекеге әлемнің 80 елінен 500-ден астам боксшы қатысып жатыр. Жарыста жалпы 20 салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынады.
Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр.
20 қазанда Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасынан төрт боксшы кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Айқастар күндізгі және кешкі сессияларға бөлінген.
Күндізгі сессия 17:00-де басталады
Қазақстан уақытымен 17:00-ден бастап екі қазақстандық боксшы рингке шығады.
- 50 келіге дейінгі салмақта Әділ Асқанбай Украина өкілі Михайло Сидоренкомен кездеседі.
- 65 келіге дейінгі салмақта Ақжүрек Қалабай Эстония өкілі Александр Живолуппен жұдырықтасады.
Кешкі сессияда тағы екі жекпе-жек өтеді
Қазақстан уақытымен 21:00-ден бастап тағы екі отандасымыз өнер көрсетеді.
- 80 келіге дейінгі салмақта Тимур Тайбеков Португалия өкілі Гонсало Родригеспен кездеседі.
- Ал 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай Тувалу өкілі Фрэнсис Таафакимен күш сынасады.
Еске сала кетейік, кеше Данияр Ақбисенов әлем чемпионатында алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық былғары қолғап шебері Бибарыс Әшірбай да келесі кезеңге өтті.