Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Дипломсыз да жалақы алады: Қазақстанда жас спортшыларға талап жеңілдеді

Бұған дейін "нұсқаушы-спортшы" қызметіне орналасу үшін дене шынықтыру және спорт бағыты бойынша кемі орта білімнен кейінгі білім талап етілетін.

Дипломсыз да жалақы алады: Қазақстанда жас спортшыларға талап жеңілдеді
stan.kz

Қазақстанда ұлттық құрама сапында өнер көрсететін жас спортшыларға арналған біліктілік талаптары жеңілдетілді. Енді "нұсқаушы-спортшы" қызметіне орналасу үшін міндетті түрде жоғары немесе кәсіби білім туралы диплом қажет болмайды.

Туризм және спорт министрлігі бұл өзгерісті Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы негізінде енгізді.

Бұған дейін қандай талап болды?

Бұған дейін "нұсқаушы-спортшы" қызметіне орналасу үшін дене шынықтыру және спорт бағыты бойынша жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық-кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім талап етілетін.

Бұл талап халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап жүрген, бірақ колледжде оқуын әлі аяқтамаған жас спортшыларды бюджет есебінен жалақымен қамтамасыз етуге кедергі болған.

Жоғары аудиторлық палата спортшыларды даярлауға, оның ішінде жоғары жетістіктер спортына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізгеннен кейін осы мәселені көтерді.

Ұлттық құрамаға кірген спортшыларға мүмкіндік кеңейді

Аудит қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігіне "нұсқаушы-спортшы" қызметіне қойылатын білім талабын жеңілдету ұсынылды. Нәтижесінде үлгілік біліктілік сипаттамаларына өзгеріс енгізілді. Енді бұл қызметке үміткердің кемінде орта білімі болуы тиіс. Яғни ұлттық құрамаға қабылданған жас спортшылар кәсіби диплом алмай тұрып-ақ ресми түрде жұмысқа орналасып, бюджеттен еңбекақы ала алады.

Жоғары аудиторлық палата бұрынғы талап жас спортшыларға спорттық мансап пен оқуды қатар алып жүруге жеткілікті ынталандыру бермегенін атап өтті. 

Мәселен, көркем гимнастика, синхронды жүзу және мәнерлеп сырғанауда спортшылар Олимпиада мен ересектер арасындағы халықаралық жарыстарға 16 жастан қатыса алады. Ал бокс, жүзу және суға секіруде мұндай мүмкіндік 19 жастан бастап беріледі. Сондықтан кейбір спортшылар жоғары деңгейде ел намысын қорғап жүргенімен, жасы мен оқу кезеңіне байланысты қажетті дипломды алып үлгермейтін.

Минималды талап – орта білім

Жаңа ереже бойынша бюджет есебінен жұмыс істейтін спортшылар үшін базалық білім стандарты сақталады. Сонымен қатар бұл тәсіл жас атлеттерге оқуын тоқтатпай, жаттығу мен жарысты қатар алып жүруге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, орта білім кейін жоғары оқу орнына түсуге, бапкерлік қызметке ауысуға немесе спорттық мансаптан кейін басқа мамандық игеруге негіз болады.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген өзге де тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?