Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстан Австралияны жеңіп, Азия чемпионатын сәтті бастады

Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Алматыда Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуінде Австралияны 37:18 есебімен ұтты.

Қазақстан Австралияны жеңіп, Азия чемпионатын сәтті бастады
instagram/@kaz_handball_association

Алғашқы матчтан екі ұпай

В тобындағы бірінші тур ойыны Алматыдағы "Достық" спорт кешенінде өтті. Қазақстандық гандболшылар кездесудің басынан бастаманы қолға алып, қарсыласына ойын тізгінін бермеді.

Алаң иелері матчты 19 доп басымдығымен аяқтап, топтық кезеңдегі алғашқы екі ұпайын иеленді.

Ұлттық құрама келесі кездесуін 24 қарашада Үндістанға қарсы өткізеді. Бұдан кейін топ аясында Оңтүстік Корея және Өзбекстан құрамаларымен күш сынасады.

В тобында мына командалар өнер көрсетеді:

  • Қазақстан;
  • Австралия;
  • Үндістан;
  • Оңтүстік Корея;
  • Өзбекстан.

Үздік төрт команда әлем чемпионатына жолдама алады

Әйелдер арасындағы XXI Азия чемпионаты 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматыда өтеді. Құрлықтық додаға он ұлттық құрама қатысып жатыр.

А тобына Жапония, Иран, Қытай, Гонконг және Таиланд командалары енген.

Турнирде жүлделермен бірге 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатының төрт жолдамасы сарапқа салынады. Оларға жарыс қорытындысы бойынша үздік төрттікке енген құрамалар ие болады.

Қазақстан әйелдер құрамасы бұған дейін Азия чемпионатын екі рет жеңген. Екі жеңіс те Алматыда 2002 және 2010 жылдары тіркелді. Ал 2024 жылғы құрлық біріншілігінде қазақстандық гандболшылар қола жүлдегер атанды.

Бұл туралы не ойлайсыз?