Лицензия №23019645 от 06.09.2023
Лицензия №22020324 от 02.11.2022
Лицензия №21031283 от 08.11.2021
Лицензия №22017905 от 28.09.2022
Ірі спорттық додаларға толы болған 2024 жылы да тарих қойнауына кеткелі тұр. Биылғы жылдың басы Оңтүстік Кореядағы IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасымен басталған еді.
Канвон-2024: (Оңтүстік Корея) Олимпиадасы
Бұл Олимпиада ойындары қазақ жанкүйерлері үшін тарихи алтын медаль жеңіп алған жарқын сәттерімен мәңгі есте қалды. Олай дейтініміз 2012 жылы Инсбрукте (Аустрия) өткен ойындарда, 2012 жылғы Инсбрук (Аустрия) Олимпиадасында және 2020 жылы Лозанна (Швейцария) Олимпиадасында қазақ елінің спортшылары жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Әнұранымызды әуелете алмаған еді. Тіпті, Лозаннада бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмадық.
Ал биылғы жылдың басында бастау алған Канвон-2024 жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада ойындары бізге тарихи жетістігімен мәңгі есімізде қалып отыр. Аталған додада Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында 41 спортшы 5 спорт түрінен бақ сынап, 55 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Нәтижесінде 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте 20-орынға қол жеткізді.
Тұңғыш алтын медальді шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных жеңіп алса, қола медальдің бірін шорт-тректен 1 000 метр қашықтықта сынға түскен спортшыларымыз Полина Омельчук қанжығасына байлады. Ал екінші қола жүлдені Қазақстан қоржынына хоккейшілеріміз салды.
Париж-2024: (Франция) Олимпиадасы
Жаз ортасынан ауа бүкіл әлем назары Париждегі 4 жылдықтың басты додасына ауды. Аталған басты доданы Қазақстан құрамасы жалпы есепте 43-орынмен аяқтады.
Нақтырақ айтсақ, Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді.
Алтын жүлдені Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына дзюдодан 60 келі салмақта Елдос Сметов сыйлады. Өкінішке қарай, өзге спортшыларымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алған жоқ. Десе де, әр жүлденің орны өз ерекшеліктерімен есте қалды.
Ал күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен 77 келі салмақта Демеу Жадыраев және бокстан 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралдай жеңіп алды.
Қола медальдарды нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев және әйелдер боксынан 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай жеңіп алды.
Елдос Сметов Парижге дейін екі Олимпиадаға қатысып, екеуінде де жүлдеге қол жеткізген. Алайда, оның қоржынында алтын ғана жоқ-тұғын. Міне, биыл үшінші басты додада дзюдодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Осылайша, Елдос Олимпиадада ең көп жүлде алған ТОП-3 отандық спортшының қатарына кірді.
Ал спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов жеңіп алған күмістің де салмағы қазақ жанкүйерлері үшін аса салмақты болды. Олай дейтініміз - Құрбанов спорттық гимнастикадан жазғы ойындарда жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.
Ислам Сәтпаев пен Александра Ленің де жүлдесі біз үшін аса бағалы. Олай дейтініміз – бұл жүлде ел қоржынына табаны күректей 28 жылдан кейін бұйырып отыр. Осыған дейін жерлестеріміз нысана көздеуден сонау 1996 жылы Атланта Олимпиадасында 2 күміс, 1 қола жүлде алған еді. Міне, содан кейін биыл алғаш рет жазғы Олимпиада ойындарында 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден аралас жұптық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле 3-орынға ие болды.
Әлем чемпионатындағы алғашқы алтын
Су спорты түрлерінен Қатар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова көркем жүзуден техникалық аралас бағдарламада алтыннан алқа тағып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл - Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген тарихи алтын медаль ретінде есте қалды.
Футзалдан әлем чемпионын тоқтатқан ұлттық құрама
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы ең ірі жеңісін қайталады. Сондай-ақ, жерлестеріміз ірі турнирлердің финалдық кезеңінде 8 жылдан бері жеңілмеген Португалияға тосқауыл болды. Ал Біржан Оразов Испания қақпасына 6-секундта гол соғып, тарихтағы ең жылдам голдың авторы атанды.
Шахмат Олимпиадасындағы тарихи жетістік
Шахматтан Будапештте (Мажарстан) рекордтық 169 елдің қатысуымен өткен Олимпиадада еліміздің әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет 2-орынға тұрақтады.
Үндістан – 19 ұпай
Қазақстан – 18 ұпай
АҚШ – 17 ұпай
Бұл додада Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әмина Қайырбекова бірде-бір ойында жеңілмеді.
UFC-дегі Шавкат Рахмоновтің жарқын сәті
Биыл 30 жастағы Шавкат Рахмонов желтоқсанда биылғы бірінші жекпе-жегін жеңілістің дәмін татпаған Иэн Гэрриге қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен басым түсті. Енді келесі жылы чемпион атағы үшін Белал Мұхаммадпен кездеседі.
Еркін күрестен ерлеген жыл
Күрес түрлерінен Тиранада (Албания) өткен Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионатында 70 келіде Нұрқожа Қайпанов топ жарды. Бұл - еркін күрестен ел тарихындағы екінші алтын.
Шорт-тректен қол жеткізген тарихи медаль
Шорт-тректен Роттердам (Нидерланд) қаласында өткен әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта Денис Никиша күміс жүлде алды.
Ескекшілер де ерледі
Каноэде ескек есуден Самарқан қаласында (Өзбекстан) өткен әлем чемпионатында Мария Бровкова 500 метрге жарыста 3-орынға тұрақтады. Осылайша, ол әлем чемпионатында ел тарихында жүлде еншілеген бірінші ару атанды.
Көшпенділер ойынында да көш бастадық
Тұңғыш рет елордамызда өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да жарқын сәттерімен есте қалды. 90-ға жуық ел қатысқан бәсекеде ел спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (112) медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Ал Қырғызстан құрамасы 18 алтын, 21 күміс, 25 (64) қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте екінші орынға ие болды.
Үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндеді. Олардың еншісінде 11 алтын, 12 күміс, 11 (34) қола медаль бар.
Төртінші орынға 11 алтын, 10 күміс, 25 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасы иелік етсе, бестікті 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Түркия құрамасы түйіндеді.
8 қыркүйек күні алауы тұтанған додаға 89 елден 2 430-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
89 елдің 33-і 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медаліне қол жеткізді. Оның ішінде 18 мемлекет алтын жүлде жеңіп алса, 16 мемлекеттің қоржынында күміс, 28 мемлекеттің қоржыны қола медаль бар.
Жалпы, қазақ спортшылары биылғы 9 айда отандық спортшылар 621 медаль (213 алтын, 191 күміс және 217 қола) жеңіп алды.
Дереккөз: Қазақпарат