«Қайрат» ФК қақпашысы Шерхан Қалмырзаның анасы жуырда эфирге шыққан «Қызық Times» бағдарламасына қонақ болды. Хабар барысында жас футболшы әріптестерімен бірге сахнаға көтеріліп, «Жыл оқиғасы» аталымы бойынша марапатқа ие болды.
Бағдарламадағы ерекше сәттердің бірі – көрермен залында отырған Шерханның анасының толқып, көз жасына ерік беруі. Қолданушылар бұл әрекетті аналық мейірім мен шынайы қуаныштың белгісі ретінде қабылдап, әлеуметтік желіде жылы пікірлер қалдырған.
Осы жазбалардың біріне Сәуле Рабаева арнайы пікір жазып, өз ұстанымын ашық жеткізді.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында оқырман қауымға үн қатып, өзін көпшілік тек «Шерханның анасы» ретінде тануына қатысты ойын білдірген.
«Құрметті оқырман! Шерханның анасы ретінде бірнеше ауыз сөз айтайын. Ең алдымен, Алла әрқайсыңызға бақ пен береке нәсіп етсін, жақсылық жұғысты болсын.
Екіншіден, мен медиа саласында 15 жыл еңбек етіп келе жатқан, өз орны қалыптасқан жеке тұлғамын. Тележоба болсын, кино, концерт болсын – бұл орта менің әріптестеріммен тығыз байланысты. Маған шақырту жеке өзіме келеді.
Үшіншіден, дәл осындай қуаныш сізге де бұйырсын: анаңыз сіз үшін қуансын, балаңыз жетістікке жетсе – сіз де шаттаныңыз. Өзгенің пікіріне тәуелді емеспін. Алла бәрін көріп, бәрін біліп отыр. Несібені де сол береді», – деп жазды ол.