Бубликке қарсылас атанған теннисші матч алдында жарыстан бас тартты
Қазақстанның бірінші ракеткаларының бірі Александр Бублик Almaty Open-2026 турнирінің ширек финалына ойын өткізбестен шықты.
Бублик ширек финалға матч өткізбей өтті
ATP-250 санатындағы турнирдің екінші айналымында Александр Бублик әлемдік рейтингте 64-сатыда орналасқан венгриялық Фабиан Марожанмен кездесуі керек еді. Бірақ Мажарстан өкілі матч басталмай тұрып жарыстан шығып қалды. Сөйтіп Бублик кортқа шықпай-ақ ширек финалға жолдама алды.
Айта кетейік, Марожан алғашқы айналымда қазақстандық Тимофей Скатовты жеңген.
Жартылай финал үшін кіммен кездеседі?
Енді қазақстандық теннисші ширек финалда ресейлік Карен Хачановқа қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы Almaty Open-2026 турнирінің жартылай финалына жолдама алады.
Алматыдағы ATP-250 санатындағы халықаралық теннис додасы 19-25 қазан аралығында ұйымдастырылып жатыр.
Еске салайық, 2025 жылы бұл турнирдің чемпионы ресейлік Даниил Медведев атанған еді. Ол финалда Корентен Мутені үш сетке созылған тартысты кездесуде 7:5, 4:6, 6:3 есебімен жеңген болатын.