Медведев Бубликтің қандай қасиетін бағалайтынын жасырмады
Almaty Open турнирінің былтырғы чемпионы Даниил Медведев жарыстың жартылай финалына шықты
Франциялық теннисшіні екі сетте тізе бүктірді
Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы турнирдің ширек финалында Даниил Медведев франциялық Теренс Атманмен кездесті. Матч 1 сағат 16 минутқа созылып, ресейлік теннисшінің 6:4, 6:4 есебімен жеңісімен аяқталды.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Медведев мансабындағы сәтсіз матчтарға тоқталып, Янник Синнерге қарсы өткен кездесуді еске алды.
"Бұл — Australian Open-дегі Синнермен өткен матч. Бірақ мен ол кездесулерді есіме ала бермеймін. Осы жылы ондай ойындарды алғаш рет еске алған шығармын. Мүмкін, Новакпен өткен ойын да бар. Өткенді ұмытудың қажеті жоқ деп санаймын, бірақ бүгінгі күнмен көбірек өмір сүріп, болашақты қазіргі сәтке сүйеніп құру керек", — деді Медведев.
Сонымен қатар Медведев Александр Бубликтің ойнау шеберлігін ерекше атап өтті.
"Мен оның тор маңындағы ойынын, допты қысқа түсіру әдісін үйренер едім. Допты қайда бағыттау керегін және қалай ойнау қажеттігін сезінуі маған кейбір сәттерде көмектесер еді. Ал өзімнің доп беру мәнеріме көңілім толады, сондықтан оны өзгерткім келмейді", — деді Медведев.
Алматыдағы турнир туралы не деді?
Баспасөз мәслихатында теннисші Алматыдағы жарыстың басқа турнирлерден айырмашылығы туралы да пікір білдірді. Медведевтің айтуынша, басқа сайыстар оған психологиялық жағынан қиынырақ болғанымен, физикалық тұрғыдан Алматыдағы турнир күрделірек.
Даниил Медведев Almaty Open турнирінің жартылай финалында Карен Хачанов пен Александр Бублик арасындағы матч жеңімпазымен кездеседі.