Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Елена Рыбакина Нинбодағы турнирдің жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші Қытайдың Нинбо қаласында WTA 500 санатындағы турнирде кезекті жеңісіне жетті. 

Елена Рыбакина Нинбодағы турнирдің жартылай финалына шықты
instagram/@ningboopen

Үш сетке созылған матч

Рыбакина ширек финалдық бәсекеде әлемдік рейтингте 128-орында тұрған польшалық Катажина Кавамен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші алғашқы партияда қарсыласын 6:1 есебімен жеңді. Бірақ екінші сетте Кава ойын тізгінін өз қолына алып, 6:3 нәтижесімен таразы басын теңестірді.

Шешуші үшінші партияда Рыбакина қайтадан өзінің жоғары деңгейін көрсетіп, қарсыласына мүмкіндік қалдырмады. Ол сетте 6:1 есебімен басым түсіп, кездесуді жеңіспен аяқтады.

Бұған дейін сенсация жасаған

Елена Рыбакина Нинбодағы жарысты екінші айналымнан бастаған. Ол алғашқы кездесуінде әлемдік рейтингте 105-орында тұрған өзбекстандық Полина Кудерметовамен ойнады.

Бірінші сетте есеп 5:0 болып, Рыбакина алға шыққан сәтте Кудерметова матчты жалғастырудан бас тартты. Осылайша қазақстандық теннисші келесі кезеңге өтті.

Ал Катажина Кава ширек финалға дейін турнирдің басты сенсацияларының бірін жасады. Польша өкілі әлемнің 14-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичті 7:5, 6:2 есебімен жеңді. Бұл Каваның кәсіби мансабындағы әлемдік рейтингтің үздік жиырмалығына кіретін теннисшіге қарсы алғашқы жеңісі болды.

Рыбакина жартылай финалда кіммен кездеседі?

Енді қазақстандық теннисші финалға шығу үшін әлемдік рейтингте 13-орында тұрған Диана Шнайдермен күш сынасады.

Шнайдер ширек финалда америкалық Ива Йовичті үш сетте жеңді.
Айта кетейік, Елена Рыбакина Нинбо турниріне қазіргі чемпион ретінде қатысып жатыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?