Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Бублик Даниил Медведевке қарсы ойында барын салатынын айтты

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жартылай финалына шықты.

Бублик Даниил Медведевке қарсы ойында барын салатынын айтты
ҚТФ баспасөз қызметі

Ширек финалда ол әлемнің 25-ші ракеткасы Карен Хачановты үш сетте жеңді. Кездесу 4:6, 7:6, 7:6 есебімен аяқталды. Матчтан кейін Бублик жартылай финалдағы қарсыласы Даниил Медведевпен өтетін кездесуге дайындығы туралы пікір білдірді.

"Онымен 10 рет ойнадым, немесе 8-9 мәрте. Бір-біріміздің қалай ойнайтынымызды және қай тұсымыздың мықты екенін де жақсы білеміз. Алдағы матч қызықты өтеді деп үміттенемін. Мен жеңіске жетуге тырысамын", – деді қазақстандық теннисші.

Сондай-ақ Бублик алдағы жарыс кестесіне тоқталды. Айтуынша, маусым соңына дейін Базельдегі турнирге, Париждегі "Мастерс" және Стокгольмдегі жарысқа қатысуы мүмкін.

Хачановқа қарсы ойын тағдыры тай-брейкте шешілді. Теннисші сөз арасында шешуші сәттерде ең маңыздысы – эмоцияға берілмей, қарапайым қателіктерге жол бермеу екенін атап өтті.

"Шешуші тай-брейктерде ең бастысы – есіңнен адаспау, допты торға ұрмау немесе қос қате жібермеу. Үшінші сеттегі тай-брейкте қарсыласымның жеті қате жібергенін қалар едім, сонда өзіме ештеңе істеудің қажеті болмаса да болар еді."

Бублик кешкі матчтарды неге ұнатады?

Қазақстандық теннисші кешкі уақытта ойнауға қарсы емес екенін де айтты.

"Мен биоритмім бойынша "үкімін" — түнде белсенді жүретін адаммын. Әдетте түнгі екі-үшке дейін ұйықтамаймын. Сондықтан турнирлердің мені кешкі матчтарға қойғаны ұнайды. Түнгі сағат екіге дейін ұйықтап қалу мен үшін елестету қиын нәрсе. Кешкі тоғыз бен он бірдің арасында кешкі ас ішемін. Отбасымызда да күн тәртібі осындай", – деді Бублик.

Енді Александр Бублик Almaty Open турнирінің финалына шығу үшін ресейлік Даниил Медведевпен ойнайды. Медведев ширек финалда франциялық Теренс Атманды 6:4, 6:4 есебімен жеңген.

Алматыдағы халықаралық турнир 17-25 қазан аралығында өтеді. Доданың жалпы жүлде қоры 1 миллион доллардан асады. Жекелей сындағы жарыстың жеңімпазы 163 570 доллар сыйақы алады. Қаржылай сыйақыдан бөлек, турнир жеңімпазы әлемдік рейтингіне 250 ұпайға қоса алады.

Бұл туралы не ойлайсыз?