Елена Рыбакина Қытайдағы турнирдің финалына жолдама алды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Нинбо қаласында WTA 500 санатындағы теннис турнирінің финалына шықты.
Ресейлік теннисшіні екі сетте ұтты
Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Елена Рыбакина финал жолдамасы үшін WTA рейтингінің 13-сатысында орналасқан Диана Шнайдермен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші алғашқы партияда қарсыласынан 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте тартыс күшейгенімен, Рыбакина шешуші сәттерде шеберлік танытып, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша кездесу 6:3, 7:5 есебімен аяқталып, Елена Рыбакина Нинбо турнирінің финалына жолдама алды. Теннисшілер кортта 1 сағат 35 минут өнер көрсетті.
Рыбакинаның матчтағы статистикасы
Қазақстандық теннисші кездесу барысында алты эйс жасап, төрт рет қос қателікке жол берді. Ал Диана Шнайдер бір эйс тіркеп, алты мәрте қос қателік жіберді. Рыбакина бірінші допты ойынға қосқанда ұпайлардың 75 пайызын, ал екінші доппен 52 пайызын өз еншісіне жазды.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші алты брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Ресейлік қарсыласы өзіне берілген жалғыз брейк мүмкіндігін жүзеге асырды.
Елена Рыбакина чемпиондық атақ үшін канадалық Лейла Фернандеспен сынға түседі. Әлемдік рейтингте 30-орында тұрған канадалық теннисші жартылай финалда чехиялық Мария Боузкованы (WTA рейтингінде 26-орын) жеңіп, шешуші кезеңге өткен болатын. Нинбо турнирінің финалдық кездесуі 25 қазанда өтеді.
Айта кетейік, Елена Рыбакина – аталған турнирдің қазіргі чемпионы. Қазақстандық теннисші биыл да жеңіске жетсе, Нинбодағы чемпиондық атағын сақтап қалады.