Бублик жарақатына байланысты Almaty Open турнирінен шығып қалды
Александр Бублик Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жартылай финалында Даниил Медведевке қарсы кездесуді жалғастыра алмады.
Қазақстандық теннисші тізесіндегі жарақатына байланысты матчтан бас тартты. Кездесу бірінші сеттен кейін тоқтатылып, 3:6 есебімен аяқталды.
Матчтан кейін Бублик денсаулық жағдайы туралы пікір білдіріп, кездесуге шығу үшін медициналық көмекке жүгінгенін жеткізді.
"Әрине, кеше тай-брейктің соңында қиын кезең басталды. Ойынның соңына қарай тізем ауыра бастады. Байқаған шығарсыздар, мүмкін байқамаған да боларсыздар. Сол сәттен бастап бүгін кортқа шығу үшін күресуге тура келді. Өкінішке қарай, түнде жағдайым одан сайын нашарлады. Таңертең ауруханада болып, жағдайымды жақсартуға тырыстық. Дәрігерлер ойнауға рұқсат бермеді. Бірақ командамен бірге Алматыда кортқа шығып көруге міндеттімін деп шештік", – деді Бублик.
Теннисші матчқа келген жанкүйерлерге алғыс айтып, кездесудің осылай аяқталғаны үшін өкініш білдірді. Сондай-ақ Даниил Медведевке сәттілік тіледі. Теннисші алдын ала болжам бойынша, бұл турнир оның 2026 жылғы маусымдағы соңғы кездесуі болуы мүмкін екенін де айтып өтті.
"Қазір бізді оңалту кезеңі күтіп тұр. Не болатынын әзірге білмейміз."
Даниил Медведев Almaty Open турнирінің финалына екінші жыл қатарынан шықты. Шешуші кездесуде ол грузиялық Николоз Басилашвилимен ойнайды. Еске салсақ, 2025 жылы ресейлік теннисші франциялық Корентен Мутені 7:5, 4:6, 6:3 есебімен жеңген.