
Турнирдің алғашқы екі күнінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.
Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде 2005–2007 жылы туған жастар арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Елдің әр түкпірінен жиналған 468 жас балуан 16 сәуірге дейін жалғасатын жарыста бақтарын сынауда.
Турнирдің алғашқы екі күні қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды. Түркістан, Жетісу, Абай, Жамбыл және басқа да өңірлердің балуандары үздік нәтижелерге қол жеткізді. Қыздар арасында 60, 65, 70 және +70 келі, ал ұлдар арасында 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежелері бойынша үздіктер марапатталды.
Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына орай, БҚО спортшысы Эльнара Анарбекқызы 48 келіде жеңіске жетіп, чемпион атанды. Бұған дейін жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы атанған Эльнара жастар арасындағы тұңғыш жеңісіне қол жеткізді.
БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов пен Қазақстан қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов жарыстың ашылуында жастарға сәттілік тілеп, бұл доданың ұлттық спортты дамытудағы рөліне тоқталды.
“Егер жарыста Батыс Қазақстан облысының балуандары жоғары нәтиже көрсетсе, Азия немесе әлем чемпионатын өткізуді мойнымызға аламыз”, – деді Б. Сәбитов.
БҚО қазақ күресі қауымдастығының президенті Әсет Сұлтанұлы да жарыстың жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтіп, қазақ күресін елімізде кеңінен дамыту керектігін айтты.
Чемпионаттың соңғы күні, 16 сәуірде қалған салмақ дәрежелеріндегі жекпе-жектер мен «Түйе балуан» санаты бойынша шешуші айқастар өтеді.
Жарыс нәтижелері бойынша үздіктер ұлттық құрамалар сапына іріктеліп, халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын болады.