
Жуырда BoxRec жаңартылған рейтингін жариялады.
Кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген қазақстандық спортшы Балауса Мұздыман халықаралық аренада беделін арттырып келеді. Offside.kz мәліметінше, ол Астанада өткен жекпе-жектен кейін BoxRec рейтингінде бірден бес сатыға көтеріліп, жеңіл салмақтағы әлемнің үздік он боксшысының қатарына енді.
Сәуірдің 5-інде Астанада өткен кәсіпқой бокс кешінде Балауса Мұздыман филиппиндік Мария Тереза Пинилимен жекпе-жекке шыққан еді. Сегіз раундқа созылған кездесуде Мұздыман қарсыласынан басым түсіп, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жеткен болатын. Осылайша, отандасымыз өзінің жеңіліссіз сериясын жалғастырып, рекордын 7 жеңіске (оның 5-і — нокаутпен) жеткізді.
Аталған жекпе-жектен кейін Мұздыман BoxRec рейтингінде 14-орыннан 9-орынға көтерілді. Бұл — оның спорттық мансабындағы үлкен жетістік әрі халықаралық рейтингтерде отандастарымыздың беделін арттыруға жасалған нақты қадам.
Айта кетейік, Балауса Мұздыман кәсіпқой рингте алғаш рет 2017 жылы өнер көрсеткен болатын. Алайда асодан кейін ол алты жыл бойы спорттан қол үзіп қалды. Тек 2023 жылдың наурыз айынан бастап қайта рингке оралып, бір жылдың ішінде 7 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Оның барлығында жеңіске жетіп, көрермендер мен мамандардың назарына ілікті.