
Қазақстандық MMA жанкүйерлері көптен күткен жаңалық белгілі болды. UFC ұйымы Шавкат Рахмоновтың (19-0) келесі қарсыласын ресми түрде жариялады. Танымал америкалық комментатор Джон Аниктың айтуынша, Рахмонов экс-чемпион Белал Мұхаммадпен (24-4) қазан айында кездеседі.
"Жаңалықтың төресі — Белал мен Шавкат қазан айында жекпе-жекке шығады!" — деп мәлімдеді Аник өзінің подкастында.
Бұл кездесу UFC жанкүйерлерінің назарын аударғалы тұр. Себебі қос спортшы да жартылай орта салмақта жоғары деңгейдегі қарсыластар санатында.
Шавкат Рахмонов соңғы рет былтыр желтоқсан айында ирландиялық Иэн Гэрриді (16-1) төрешілердің бірауыз шешімімен жеңген. Содан бері отандасымыз жарақат алып, оңалту курсынан өтіп жатыр. Қазір ол толық қалпына келіп, келесі жекпе-жекке тыңғылықты дайындық үстінде.
Белал Мұхаммад жақында австралиялық Джек Делла Маддаленаға (18-2) қарсы күтпеген жеңіліске ұшырады. Төрешілердің бірауыз шешімімен жеңісті қарсылас еншілеп, Белал чемпиондық белбеуден айырылды.