DAR Team бас бапкері Эдуард Базров екі файтердің болашағына қатысты пікір білдірді.
DAR Team бас бапкері Эдуард Базров UFC-де өнер көрсетіп жүрген шәкірттері — Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың чемпиондық жекпе-жектерге қаншалықты жақын екеніне қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы Kendala TV YouTube-арнасы хабарлады.
Базровтың айтуынша, қазақстандық екі файтер де чемпиондық белбеуге өте жақын.
«Шавкат титулдан бір қадам жерде тұр. Ал Асу — ең көбі екі қадам қашықтықта. Екеуі де чемпиондық айқастардың табалдырығында», — деді бапкер.
Асу Алмабаев үшін келесі жекпе-жек 1 наурызда Мехикода өтеді. Ол UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореномен айқасады. Бұл кездесу UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегі болады.
Айта кетейік, бұл Асу Алмабаевтың UFC-дегі екінші басты жекпе-жегі. Қазақстан тарихында отандасымыз екінші рет UFC кардында негізгі айқас өткізгелі жатыр.
«Морено — өзін дәлелдеген чемпион, UFC-де үлкен жолдан өткен өте тәжірибелі файтер. Бұл — аса ауыр сынақ», — деді Базров.
Осыған байланысты Асу Алмабаев 9 қаңтарда Алматы маңындағы таулы аймақта оқу-жаттығу жиынын бастайды. 22 күндік толыққанды дайындықтан кейін команда Мексикаға ұшып, сол жақта шамамен бір ай жаттығады.
Қазіргі таңда Асу Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесінде 7-орында тұр. Базровтың айтуынша, бұл — титул айқасына өте жақын аймақ.
«Топ-10 — бұл ең мықты файтерлер. Бірақ біз ондықта жүргенімізге мәз болмаймыз. Бізге белбеу керек. Асу оны Қазақстанға әкеле алады», — деді бапкер.
Шавкат Рахмонов та жаттығу процесін жалғастырып жатыр. Алайда әзірге оның келесі жекпе-жегі туралы ресми ақпарат жоқ.
«Шавкатқа қатысты әзірге нақты жаңалық жоқ — команда да, басшылық та білмейді. Бірақ жақын күндері жақсы хабар болуы мүмкін», — деді Базров.
Айта кетейік, жартылай орта салмақта, яғни Шавкат өнер көрсететін дивизионда, қазіргі UFC чемпионы — Ислам Махачев.