Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжановтың қызметтен кетуіне қатысты оның отбасы қоғамда қызу талқыланған мәлімдеме жасады.
Еңлік Сәтжанның айтуынша, отбасы соңғы оқиғаларды ауыр қабылдаған. Ол әлеуметтік желіде ашық жазып, резонанс тудырғысы келетінін, бірақ әкесі бұған қарсы екенін жеткізген.
Оның сөзінше, адам сүйікті ісіне бар ғұмырын арнап, адал еңбек етіп, нәтиже көрсетсе де, бір сәтте қызметінен алынып тасталуы мүмкін. Бұл жағдайдың салдары ретінде қоғамда "неге адамдар шетелге кетеді?, деген сұрақ жиі қойылатынын да атап өткен.
Қайрат Сәтжанов Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне 2024 жылдың тамызында келген еді. Ал оның отставкасы туралы ақпарат 10 қаңтарда жарияланды.
Бос қалған орынға Нұржан Насанов тағайындалды. Осылайша Қазақстан ерлер боксы құрамасында басшылық ауысты.