Олимпиада чемпионы, Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев ұлттық құрама бас бапкерінің ауысуына байланысты тарап жатқан әңгімелерге пікір білдірді.
Сәрсекбаев өзін құттықтап жатқан жанкүйерлерге алғыс айтып, сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы күндері түрлі пікірлер көбейіп, журналистер де жиі хабарласқан.
"Әркімнің өз пікірі бар. Мен бәріне бірдей ұнайтын күміс теңге емеспін", — деді ол.
Сондай-ақ Сәрсекбаев қоғамды өтірік, өсек-аяң мен бос қауесет таратпауға үндеп, жаңа бас бапкер Нұржан Насановқа қолдау қажет екенін атап өтті. Бұған қоса экс-бас бапкер Қайрат Сәтжановқа денсаулық тіледі.
Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желідегі жазбасында ең көп талқыланған қауесеттің біріне нақты тоқталды: "Енді Нәсановтың орнына Сәрсекбаев келеді" деген сөздің шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Бас бапкер ауыстыру — ойыншық емес, стратегиялық маңызды қадам. Олимпиадаға екі жыл қалғанда ешқандай орын ауыстыру болмайды. Мен Насановтың орнына ұмтылып отырғаным жоқ. Маған сеніп тапсырылған жастар құрамасымен нәтижелі жұмыс істегім келеді", — деп жазды Сәрсекбаев.
Ол былтыр қазақстандық бокс үшін ауыр болғанын, ал егер Қайрат Сәтжановтың денсаулығына қатысты мәселе шынайы болмағанда, федерация нәтиже көрсеткен маманды дәл осындай кезеңде алмастырмас еді деген ой айтты.
Сәрсекбаев Нұржан Насановты тәжірибелі әрі кәсіби жаттықтырушы ретінде бағалап, оның құраманы жақсы білетінін айтты.
"Нұржан Насанов — өте білікті маман. Ол ұлттық құрамамен ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді, әр боксшыны жақсы таниды. Әлі талай нәтиже көрсететініне сенемін", — деді ол.
Жазбасының соңында ол бокс басындағы адамдарды бір-біріне қарсы қоймай, ортақ мақсат үшін бірігуге шақырды.
Еске салайық, 10 қаңтарда Қазақстан боксы айналасында күтпеген кадрлық өзгеріс жарияланды.
Бас бапкер Қайрат Сәтжанов денсаулығына байланысты қызметінен кетіп, орнына Нұржан Насанов тағайындалды.
Алайда кейін Қайрат Сәтжановтың қызы Еңлік Сәтжанова мәлімдеме жасап, бапкердің денсаулығында мәселе жоқ екенін айтып, құрама басшылығына қатысты өткір пікір білдірген.
Айта кетейік, дәл Насанов тағайындалған күні Бақыт Сәрсекбаев те жастар құрамасының аға бапкері қызметіне кіріскен.