Бақыт Сәрсекбаев бастаған Қазақстан Таиландтағы турнирдің екінші күнін жеңіліссіз аяқтады

Сарапшы, спорт журналисі

Бокстан 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Таиланд астанасы Бангкокте Futures Cup 2026 халықаралық турнирінің екінші жарыс күнін де шығынсыз аяқтады. 

Бақыт Сәрсекбаев бастаған Қазақстан Таиландтағы турнирдің екінші күнін жеңіліссіз аяқтады
Instagram/@boxingkazakhstan

Даниял Шалқарбай айқын басымдықпен жеңіске жетті

65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Даниял Шалқарбай швециялық Вильмер Экблом Олссонға қарсы шықты.

Қазақстандық былғары қолғап шебері алғашқы раундта-ақ басымдықты өз қолына алды. Белсенді қимылдап, дәл соққыларымен көзге түсіп бірінші раундта төрешілердің бірауызды шешімімен басым түсті. Тіпті қазылардың бірі бұл кезеңді 10:8 есебімен Шалқарбайдың пайдасына бағалады.

Екінші раундта швециялық боксшы кездесудің бағытын өзгертуге тырысты. Алайда оның бұл талпынысы толық нәтиже бермеді. Керісінше ереже бұзғаны үшін төреші қарсыласқа ескерту жасап, бір ұпайын шегерді.Соңғы раундта да айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Даниял Шалқарбай жекпе-жекті толық бақылауда ұстап, кездесуді сенімді түрде аяқтады.

Өзге де боксшылар жеңіспен қуантты

Айта кетейік, осы жарыс күнінде Қазақстан сапынан тағы бірнеше боксшы шаршы алаңға шығып, табысты нәтиже көрсетті. Ақнұр Тұрсынғали, Едіге Нұрғожа және Досжан Жұмақан ел қоржынына кезекті жеңістерді салды.

Futures Cup 2026 жастар турнирі 15 наурызда мәресіне жетеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 1
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір