Қазақстандық балуан қыз қола медаль үшін камбэк жасады (ВИДЕО)
Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі Гүлмарал Еркебаева ел қоржынына қола жүлде салды.
Жүлде бұйырды
Бішкекте 6 сәуірден бері күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Осы жарыста әйелдер күресінен Қазақстан намысын қорғаған Гүлмарал Еркебаева 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздіктер қатарынан көрініп, қола медаль жеңіп алды.
Астана атынан сынға түскен қазақстандық балуан турнирді сәтті бастап, алғашқы белдесуінде үндістандық Кажалды жеңді. Алайда жартылай финалда моңғолиялық Энх-Амарын Даванасанға есе жіберді. Белдесу 2:7 есебімен аяқталды.
Айта кетейік, Даванасан — Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері және әлем чемпионатының финалисі атанған тәжірибелі спортшы.
Қола үшін белдесуде камбэк жасады
Үшінші орын үшін өткен шешуші белдесуде Гүлмарал Еркебаева Оңтүстік Корея өкілі Энджу Хванмен күш сынасты. Кездесу басында қазақстандық балуан 0:1 есебімен ұтылып жатқан. Соған қарамастан белдесудің барысын өз пайдасына өзгертіп, 5:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір қола медаль түсті.
Энджу Хван бұған дейін 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанып, 2018 және 2019 жылдары Азия чемпионаттарында да үздік үштікке енген.
Гүлмарал Еркебаева 1995 жылғы 4 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Қазір Астана қаласының намысын қорғайды.
Негізгі жетістіктері:
- Азия чемпионатының бірнеше дүркін қола жүлдегері
- Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия біріншіліктерінің жүлдегері
- Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері
- 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері
- Әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының финалисі
- Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Қазір Гүлмарал Еркебаева әлемдік рейтингте 14-орында тұр.