Қуат Хамитов Арман Царукянмен жекпе-жек алдында көз арбасты (ВИДЕО)
Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов пен UFC-де өнер көрсететін ресейлік Арман Царукян Тбилисиде өтетін RAF Georgia турнирі алдындағы көз арбасу рәсіміне қатысты. Екі спортшы бүгін орта салмақтағы белдеседі.
Қазақстандық файтер Қуат Хамитов пен Арман Царукян Грузия астанасы Тбилисиде өтетін RAF Georgia турнирі алдында бетпе-бет кездесті. Дәстүрлі көз арбасу рәсімінде спортшылар бір-бірімен қол алысып, алдағы айқасқа дайын екенін көрсетті.
Көз арбасу кезінде Арман Царукян қарсыласының дене бітіміне назар аударып, әзіл түрінде Қуат Хамитовтың иығы мен белін қолымен өлшегендей болды.
Осыдан кейін екі файтер залға бұрылып, дәстүрлі фотосессияға қатысты. Кездесу барысында екі тарап та сабырлы әрі сенімді көрінді.
Белдесу бүгін Тбилисиде өтеді
Қуат Хамитов пен Арман Царукян арасындағы белдесу бүгін RAF Georgia турнирі аясында өтеді.
Айқас орта салмақ дәрежесінде ұйымдастырылады. Турнирді америкалық RAF лигасы Грузияның Тбилиси қаласында өткізеді.
Текетірес Мәскеуде басталды
Хамитов пен Царукян арасындағы текетірестің тарихы 2025 жылдың 17 желтоқсанында Мәскеуде өткен ACBJJ 20 джиу-джитсу турнирінен басталды.
Сол кеште Қуат Хамитов UFC ардагері Рашид Магомедовті төрешілер шешімімен жеңген еді. Осыдан кейін қазақстандық спортшы баспасөз мәслихатында Арман Царукянды ашық түрде айқасқа шақырды.
Қуат Хамитов сол кезде Царукянның Шара Буллетпен белдесу жоспарын сынға алып, оны "жеңіл жолды" таңдады деп айыптаған болатын.