"Қайраттың" әйгілі қақпашысы өмірден өтті
Бұл ақпаратты Қазақстан футбол федерациясы ресми түрде растады.
Қазақстан футболының ардагері, алматылық "Қайраттың" бұрынғы қақпашысы Александр Убыкин өмірден өтті.
Бұл ақпаратты Қазақстан футбол федерациясы ресми түрде растады. Белгілі голкипер бүгін таңертең қайтыс болған.
"Қайрат" сапында 12 маусым ойнады
Александр Убыкин 1953 жылы 30 наурызда Алматыда дүниеге келген.
Ол отандық футбол тарихындағы ең танымал қақпашылардың бірі саналады. Убыкин "Қайрат" сапында 1976 жылдан 1987 жылға дейін өнер көрсетіп, клуб қақпасын 12 маусым бойы қорғады.
Осы кезеңде ол КСРО чемпионатының Жоғары лигасында 207 матч, Бірінші лигада тағы 50 кездесу өткізді.
Екі рет Бірінші лига чемпионы атанды
Александр Убыкин "Қайратпен" бірге КСРО Бірінші лигасында екі мәрте топ жарды.
Ол 1976 және 1983 жылдары турнир жеңімпазы атанған. Сондай-ақ Убыкинге КСРО спорт шебері атағы берілген.
Ойыншы мансабын аяқтағаннан кейін Александр Убыкин ұзақ жылдар бойы бапкерлік қызмет атқарды. Ол жас қазақстандық қақпашыларды дайындауға үлес қосып, тәжірибесін кейінгі буынға жеткізді.
Қазіргі таңда Freedom QJ League аясындағы жасөспірімдер лигасының үздік қақпашысына берілетін жыл сайынғы арнайы номинация Александр Убыкиннің атымен аталады.