Қазақстандық әлем чемпионы өзбек боксшысын жеңді (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 14:58

Боксшы Оразбек Асылқұлов Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатының финалына жолдама алды.

Instagram/@boxingkazakhstan

Оразбек Асылқұлов финалға жол ашты

Асылқұлов 60 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында өзбекстандық Абдурахмон Махмуджонов қолғап түйістірді.

Қазақ боксшысы былтыр желтоқсанда карьерасындағы ең ірі жетістікке жетіп, 57 келіге дейінгі салмақта IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған. Бірақ бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейтіндіктен жоғарылау салмақ дәрежесіне ауысты.

Азия чемпионаты оның жаңа салмақтағы алғашқы ірі сынағы болды. Ол ширек финалда жапониялық қарсыласы шаршы алаңға шықпағандықтан бір ғана жекпе-жек өткізіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал бұл кезеңде оны Өзбекстан өкілі күтіп тұрды.

Өзбек боксшыларына қарсы сәтті серия жалғасты

Оразбек Асылқұлов бұған дейін де өзбекстандық боксшыларға қарсы сәтті өнер көрсетіп жүрген. 2023 жылдың ақпанында беделді "Странджа кубогында" Абдумалик Халоковты жеңіп, жанкүйерлер назарын өзіне аударған.

Осыдан кейін де қазақ боксшысы Өзбекстан құрамасының бірнеше өкілінен басым түсіп, жанкүйерлер арасында өзбек боксшылары үшін қолайсыз қарсылас ретінде бағалана бастады. Дегенмен 2024 жылғы Азия біріншілігінің финалында осы елдің өкіліне есе жібергені де есте.

Жекпе-жек қалай өтті?

Алғашқы раунд өте жоғары қарқында басталды. Екі боксшы да шабуыл мен қорғанысты ұштастырып, бар мүмкіндігін салды. Раунд қорытындысында Асылқұлов аздаған басымдықпен алға шықты — 3:2.

Екінші раундта қазақстандық боксшы айқын басымдық танытты. Бұл кезеңде бес төрешінің барлығы да жеңісті Асылқұловқа берді. Осылайша үшінші раунд алдында кездесудің тағдырын өз пайдасына бұрып үлгерді.

Соңғы раундта Оразбекке тек басымдықты сақтап, қауіпті соққылардан аман қалу қажет болды. Нәтижесінде үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Оразбек Асылқұловқа беріп, қазақстандық былғары қолғап шебері Азия чемпионатының финалына шықты.

Реклама
Реклама