Қазақстан мен Өзбекстан айқасында күтпеген нәтиже тіркелді

Сарапшы, спорт журналисі

Сағындық Тоғамбай Азия чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.

Қазақстан мен Өзбекстан айқасында күтпеген нәтиже тіркелді
Instagram/@boxingkazakhstan

Күтпеген нәтиже

Ұлан-Батырда бокстан Азия чемпионатының жартылай финалдық кездесулері мәресіне жетті. Турнирдің маңызды айқастарының бірінде 90 келіге дейінгі салмақта Сағындық Тоғамбай мен өзбекстандық Халимжон Мамасолиев рингке көтерілді.

Бұл кездесу жанкүйерлер күткендей өте тартысты өтті. Екі елдің былғары қолғап шеберлері финал жолдамасы үшін аянып қалмай, ашық айқас көрсетті.

Жекпе-жек жоғары қарқында өтті

Кездесу басталған сәттен-ақ екі боксшы қорғанысқа көп мән бермей, бірден шабуылға иек артты. Рингтегі айқас шын мәнінде нағыз күш сынасына айналды. Екеуі де соққы алмасудан қашпады, сондықтан жекпе-жек өте қызу өтті.

Алғашқы екі раундтан кейін төрешілердің бағалауы да тартыстың қаншалықты тең өткенін көрсетті. Төрт төреші есепті 19:19 деп белгілесе, бесінші төреші Мамасолиевті 20:18 есебімен алда деп таныды.

Шешуші раундта өзбек боксшысы басым түсті

Соңғы үш минутта Халимжон Мамасолиев белсендірек қимылдап, шабуылда жиірек көзге түсті. Осы басымдық төрешілер шешіміне тікелей әсер етті. Нәтижесінде өзбекстандық спортшы төрешілердің екіге жарылған шешімімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

Ал жекпе-жек алдында фавориттердің бірі саналған Сағындық Тоғамбай күтпеген жерден жеңіліп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Тоғамбай үшін бұл жеңіліс неге күтпеген нәтиже саналды?

Сағындық Тоғамбай бұл турнирге жоғары үмітпен келген боксшылардың бірі еді. Ол – 2024 жылғы Азия чемпионы. Сонымен қатар оның өзбек боксшыларына қарсы бірнеше сәтті жекпе-жегі болған. Соның ішінде ол бұған дейін Мадияр Сайдрахимовты да жеңген.

Алайда қарсыласы Халимжон Мамасолиев те осал емес екенін бұған дейін дәлелдеген болатын. Былтыр ол Азия U22 чемпионатында топ жарып, қазақстандық Нұрасыл Асылханды мерзімінен бұрын жеңген еді.